7 октября 2024
БИОЛОГ-ПРОФЕССОР ҚҰРМЕТТІ ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫНА ШЫҚТЫ
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да Биология ғылымдарының кандидаты “Профессор Прокопов Константин Павловичке арналған алғыс айту және ғылым кеші” өтті. Кеш мақсаты — ісіне адал, кәсіби шебер және адами қасиеттерімен сыйлы ғалым Константин Прокоповты кафедараға сіңірген жемісті еңбегінен соң құрметті еңбек демалысына шығарып салу.
Кешке Биология кафедрасының оқытушылары, студенттер және ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген арнайы қатысты. Константин Прокоповтің ұзақ жылдардағы еңбек жолында түсірген фотосуреттерінен шағын көрме қойылды.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың профессоры Константин Прокоповтің 370-ке жуық ғылыми еңбегі жарық көрген. Ғылыми, ғылыми танымдық, көркем әдеби стильдеріне жазылған еңбектері өңірдегі биология ғылымының дамуына әсер етті.
— Прокопов Константин Павлович шығыстың ғылым жауһарларының бірі. Табиғатқа деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде өңіріміздегі жан-жануарлар әлемін, тұмса табиғатын фотосуретке түсіріп тарих беттерінде қалдырып жатыр. Университетке сіңірген еңбегіне алғыс білдіремін, — деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Оқытушыдан сабақ алған студенті, қазіргі химия ғылымдарының қауымдастырылған профессоры Гүлжан Абылкасова ұстазының сабақ берген жылдарын еске алып жылы лебізімен бөлісті. Қазіргі таңда профессордың студенттері тек Өскеменде ғана емес, Республика және шетел көлемінде еңбек етуде.
— Константин Прокоповтың сабақ өткізу тәсілдері әртүрлі және студенттерге жоғары талап қоятын еді. Дарынды педагог Константин Прокопов біліктілігі арқылы жоғары ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол өңіріміздегі биология саласын аса қызығушылықпен зерттеп, шәкірттеріне тәлім берді, — деді Гүлжан Абылкасова.
Шара соңында Биология кафедрасы ЖОО-ға еңбегі сіңген ғалым Константин Прокоповке қазақ дәстүрі бойынша құрметтеп шабан жапты.
Кеш иесі Биология кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамына, университет басшылығының көрсеткен ілтипатына алғысын білдірді. Ғылым жолында ізін қалдыруға жағдай жасағаны үшін С.Аманжолов атындағы ШҚУ басшылығына ризашылығын жеткізді.