15 октября 2024


ШҚУ-ДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМПЛАЕНС-ҚЫЗМЕТІН ПЫСЫҚТАУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

Аманжолов университеті жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың жаңа әдістерін талқылау мақсатында Қазақстанның әр өңірінен комплаенс-офицерлерді жинады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат аясында жүзеге асатын сәтті шешімдер мен жаңа әдістерді ұсынатын білім беру платформасы Алматы, Атырау, Қарағанды, Абай және ШҚО облыстарының комплаенс-қызметтеріне ұсынылды. Спикерлер ретінде ЖОО-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың өзекті мәселелері бойынша практикалық жұмыс тәжірибесі, ғылыми зерттеулері бар ғалымдар мен оқытушылар сөз сөйледі.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ БІЛІМ
Семинар аясында С. Аманжолов атындағы ШҚУ оқытушылары мен магистранттары құрастырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы үш тілде сапалы білім беретін сайт таныстырылды. Білім беру платформасында: электронды оқулықтар қоры, тренинг форматындағы оқу құралдары мен тест тапсырмалары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәліметтер, онлайн-сұрау хат бөлімі бар. Білім беру сайты жемқорлыққа қарсы білімді барлық қолданушыларға қолжетімді етеді.

— Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру орталығы ретінде оқыту курстарын, тренингтерді жиі өткізеді. Бүгінгі республикалық семинарда университетіміздің психологтары, педагогтері мен заңгерлері қолданатын ең тренд әдістер мен оқытудың интерактивті тәсілін қолдандық. Бүгінгі спикерлер әртүрлі әдістемелерді, соның ішінде шетелдік ғалымдар мен психологтардың ең ұтымды тәсілдерін қолданды, — деді Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Байыркенова.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТТА ПСИХОЛОГИЯНЫҢ РӨЛІ
Жемқорды қалай тануға болады? Қылмыс жасауға қандай жағдайлар себеп? Қалай жемқорлықтың торына түсіп қалмауға болады? Құқық, экономика, этика сынды маңызды компоненттерден басқа, сыбайлас жемқорлық та адам психологиясының көрінісі. Семинар спикері Ақмарал Ахаева сыбайлас жемқорлық тек өз аясында ғана құқықтық және экономикалық мәселе, ал түбіне мән берсек — психологиялық және жалпыадамзаттық мәселе екенін айтты. Осылайша білікті педагог семинарға қатысушыларды психологиялық интерактивті ойындарға жұмылдырды.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ИНТЕРАКТИВТІ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ
Семинар қонақтары мен қатысушыларына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жобаларының аясында бейнетерапия, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Вакцина» жаппай зияткерлік ойыны ұсынылды. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша аға оқытушысы, HR менеджмент бойынша жаттықтырушы-кеңесші Гүлфия Берікболова шетелдік ғалымдар мен психологтардың түрлі прогрессивті әдістемелерін ойын форматында тәжірибемен ұштастырды.

— Интерактивті әдіс-тәсілдер арқылы жас буынның бойына парасаттылық ұғымын қалай қалыптастыру керектігі жөнінде ақпарат бердім. Шеберлік сағаттарында тек ауызша білім берсе, интерактивті форматта аудиториямен кері байланыс сақтай отырып, тәжірибе жүзінде іске асырылады. Тақырыптың мәнін ашу, студенттерді бейімдеу мақсатында ұлылардың сөздері, қозғалмалы ойындар және жағдаяттарды шешуге тапсырмалар берілді, — деді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша аға-оқытушысы Гүлфия Берікболова.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРДЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН АУҚЫМДЫЛЫҒЫ
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының басым бағыты. Осы маңызды міндетті шешуге қазақстандық университеттер тартылып отыр. Комплаенс-қызметі алаяқтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін ұйымдастыруға және оның жұмыс істеуіне жауап береді.

— Бүгінгі шара ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қолдауымен С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да өтуде. Семинарда комплаенс-офицерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа әдістерін үйреніп, тәжірибемен бөлісіп, біліктілігін арттырады, — деді ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің Превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев.

Шараны С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры қорытындылап, семинардың бас қатысушыларына сертификаттар табыстады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің жолдауында «Адал азамат — Адал еңбек — Адал табыс» деген негізгі приципті айтып өтті. Бұл ешқандай сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ деген сөз. Жастар арасында сыбайлас жемқорлықпен күресудің мәдениетін қалыптастыру үшін жаңа форматта зияткерлік ойындарын ұйымдастырып отырмыз, — деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Шара зияткерлік куиз ойынымен жалғасады.