15 октября 2024


ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҮКПІР-ТҮКПІРІНЕН КЕЛГЕН СТУДЕНТТЕР «ANTIKOR QUIZ-2024» ОЙЫНЫН ОЙНАДЫ

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 10 жылдығы қарсаңында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған студенттік командалар алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта интеллектуалды quiz-ойында сайысты. Еліміздің 10 аймағынан келген студенттер комплаенс-офицерлер бастаған алты адамнан тұратын команда жасақтап, қатысты. Қызықты зияткерлік сайысты С. Аманжолов атындағы ШҚУ мен ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірлесіп өткізді. Сайыс жеті түрлі кезеңді қамтыды. Заманауи интерактивті формат жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға және оның мемлекетке келтіретін зиянын көрсетуге мүмкіндік берді.

— Квиз-ойын жастардың бойында патриоттық құндылықтарды, бәсекеге қабілеттілікті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда озық формат саналады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оның салдарын жоюға ұмтылған жастар еліміздің басты байлығы, — деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов.

Ойын барысында студенттер өздерінің шешендіктерін, ой ұшқырлығын және тапқырлық қырларын көрсетіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттырды. Жеті кезеңнің үшеуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа арналды. Қалған кезеңдер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша отандық кинокартиналарды көрсетуден және тапқырлық пен эрудицияларын сынайтын бейнелері бар кезеңді қамтыды. Сонымен қатар, қатысушылар музыкалық байқау өткізді.

— Жастар Қазақстан халқының едәуір бөлігін құрайды. Әлеуметтік өзгерістер мен саяси трансформацияларға ашық. Мемлекет жастарды түрлі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалар мен іс-шараларға белсенді тартады. Студенттердің бүгінгі республикалық квиз-ойынға қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыруға, жастардың азаматтық ұстанымы ретінде сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға ықпал етеді, — деді С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Зияткерлік сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Аманжолов университетінің «Таза қол» командасы, екінші және үшінші орынды Абай облысынан келген «Алашорда» және «Үш анық» командалары иеленді. Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

— Бұл сайыс әділ, қызықты және танымды болды. Біздің команда “Бүгінгі тақырып”  кезеңінде мықты болды, сол кезде біз барлық 12 сұраққа дұрыс жауап бердік. Кинофильмдер туралы кезең өте жақсы өтті. Біз үшін басқа да тапсырмалар аса қиын болмады. Біздің бұл үлгі жастарды сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресуге шабыттандырады деп үміттенеміз,- дейді «Таза қол» командасының капитаны, комплаенс-офицер Қайнар Жексембаев.

Айта кетейік, көрме аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы 60-тан астам бейнелеу жұмыстары жұрт назарына ұсынылды. сондай-ақ, Quiz-ойынға Абдуллиндер атындағы колледждің талантты әртістерінің музыкалық сүйемелдеуі және ШҚУ белсенділері дайындаған театрландырылған шоу-бағдарлама ерекше атмосфера сыйлады.