17 октября 2024


ҚУАТТЫ ӨҢІРЛІК ҒЫЛЫМ – ҚУАТТЫ ӨҢІР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді дамытуға бағытталған бағдарламасы аясында Өскемен қаласы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы өтті. Айтулы шарада өңірлік ғылымды дамытудың өзекті мәселелері мен оның әлеуметтік-экономикалық дамудағы рөлі талқыланады.

Отырыста ҚР тау-кен металлургия кешенінің түсті металл өндіру және өңдеу саласындағы негізгі ірі кәсіпорындары және ЖОО ғылыми орталықтарының өкілдері қатысты. Талқыға Қазақстанның аймақтарын дамытудағы ғылымның рөлі, тау-кен металлургия саласындағы инновациялық технологиялар, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциализациялау талқыға түсті.

— Қазақстандағы ғылымның тиімділігін жоғарылату үшін өңірлік ғылымды дамыту маңызды. Осы уақытқа дейін ғылымға бөлінген қаржының 75 %-і Алматы мен Астана қалаларына жұмсалды. Тек қалған 25 %-і ғана өңірлерге аударылды.  Мұндай жолмен ғылым дамымайтыны сөзсіз. Соған орай Ұлттық Ғылым академиясы алғаш рет форсайт-сессия өткізіп отыр. Төрт жүзге жуық кәсіпорындармен сұхбаттасып, өңірлердегі ғылымның ахуалымен жете таныстық, — деді ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті Ақылбек Күрішбаев.

Сондай-ақ, Басқарма Президентінің айтуынша өңірлерді дамытудағы екінші жолға қойылған мәселе облыс әкімдерінің назарын ғылымның дамуына аударту. Қазіргі таңда Президенттің тапсырмасы бойынша әкімдіктердің жанында ғылым және технологиялар бойынша кеңестер ашылған.

 

Көшпелі отырыс аясында өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы төрт меморандумға қол қойылып, отырыс нәтижесі бойынша өңірлік ғылымды дамытуды шешуге бағытталған қарар қабылданды.