17 октября 2024


2027-2030 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ФОРСАЙТТЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ НӘТИЖЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы өкілдерінің қатысуымен 2027-2030 жылдарға арналған «Су ресурстарын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, экологияны тиімді пайдалану» бағытындағы ғылым дамуының форсайттық зерттеулерінің нәтижелері талқыланды.

Шара барысында 2024 жылдың I-ші тоқсанындағы ғылым-технология саясатындағы әлемдік трендтер мен тәжірибе сөз болды.  2027-2030 жылдарға арналған ғылым бағыттары және жаңа материалдардың пайда болуына жасалған зерттеулер ұсынылды.

— Форсайттың С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ға орналасуы біздің ғалымдарға үлкен мүмкіндік береді. Өздерінің айналысып жатқан ғылыми жұмысын Қазақстанның ғылым бағыттарының қатарына қоса алады. Форсайт кеңсенің біздің ЖОО-да орналасуы нәтижесінде Ұлттық Ғылыми академиямен тығыз жұмыс істейміз, — деді ҰҚҰҒЗ меңгерушісі Ақатан Қыдырмолла.

Сондай-ақ, ЖОО ғылыми қызметкерлері ғылым саласына аналитика жасайтын форсайттың ашылуына зор үміт артып отыр. Еліміздегі ғылымның басым бағыттарын анықтауға, Қазақстанның өндіруші күштерін дамыту үшін қандай зерттеу бағыттары өзекті және оны қалай дамытамыз деген сауалға жауап іздеуде форсайт орталығының пайдасы көп екенін алға тартты.

Шара соңында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Вице-Президенті Абай Серікханов ҚР-ның жаратылыстану ғылымын дамытуға елеулі үлес қосып жатқан С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың ғылыми қызметкерлеріне төсбелгі тағып, құрмет грамотасын табыс етті.