24 октября 2024
СТУДЕНТТЕРДІҢ №17 ҚР ІІМ ҚАЖК МЕКЕМЕСІНЕ ОҚУ САПАРЫ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті арасындағы ынтымақтастық туралы жасалған келісім аясында «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттеріне ҚР ІІМ ҚАЖК №17 мекемесіне таныстыру оқу сапары ұйымдастырылды.
Аталған ынтымақтастықтың бастамашысы ШҚУ «Құқықтану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Қазақстанның ішкі істер органдары қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі Қуат Хажумұханұлы Рахимбердин болды. Құқық ғылымдарының докторы Рахимбердин «Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару құқығы» пәні бойынша дәрістер курсын жүргізеді және студенттердің қылмыстық саясатты ізгілендіру және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған қылмыстық-атқару жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалармен іс жүзінде таныс болуы маңызды деп санайды. Оқытушылардың бастамасын ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің басшылығы қолдап, болашақ заңгерлердің түзеу мекемесіне баруына арнайы рұқсат беру туралы бұйрық шығарды.
ҚР ІІМ ҚАЖК №17 мекемесінің басшылығы студенттердің сапарын кәсіби түрде ұйымдастырды: студенттерге мекемеге бару тәртібі мен қауіпсіздік шаралары туралы толық нұсқаулық өткізілді. Сапар барысында №17 мекеме бастығының міндетін атқарушы, әділет подполковнигі Арман Катранов мекеменің тарихы мен орта қауіпсіздік колониясында жазаны өтеу тәртібі туралы мазмұнды дәріс оқыды. Өз сөзінде Арман Катранов Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесінің органдары мен мекемелеріндегі қызметтің артықшылықтары туралы егжей-тегжейлі айтып, студенттерді ҚАЖ қызметіне шақырды.
Профессор Рахимбердин студенттерге Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесіндегі қоғамдық бақылау нысандары туралы айтып, Қазақстанда азаптауды болдырмау бойынша Ұлттық алдын алу тетігінің қызметіне ерекше назар аударды.
Студенттер атынан мекеменің жұмысымен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс сөздерін Диана Одарбаева мен Тамерлан Смағұлов білдірді.
Осылайша, студенттердің ҚР ІІМ ҚАЖК №17 мекемесіне оқу сапары бірнеше маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік берді: біріншіден, студенттер қылмыстық-атқару құқығы бойынша алған білімдерін іс жүзінде бекітті, екіншіден, Қазақстанның жаза орындау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалармен танысты, үшіншіден, ҚАЖ қызметкерлері өздерінің ашықтығы мен елдің қылмыстық саясатын ізгілендіруге деген ұмтылысын көрсетті.