29 октября 2024


ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Құқықтану» білім беру бағдарламасының студенттері Өскемен қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майорі Біржан Бауыржанұлымен кездесті. Бітіруші курс студенттерін жұмысқа орналасу жөнінде Өскемен қаласындағы Ертіс полиция бөлімінің Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының инспекторы Махаббат Қасымжанова ақпараттандырды.

Кездесу барысында 4 курс студенттеріне жастар арасында белең алған нашақорлық, интернет алаяқтық, алып-сатуға әуестену сынды қылмыс түрлеріне жоламау жөнінде түсіндірілді. Қазіргі таңда жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Құқық бұзушылықтың артында үлкен жауапкершілік тұрғаны, тек өзіне ғана емес ата-анасының жұмысына, мансабына кері әсер етуі мүмкін екендігі айтылды. Заңға қайшы әрекет жасауға итермелейтін себептер мен жағдайлардан аулақ болуға шақырды.

— Заңда жазылған қағидаларды бұзу, қоғамға зиян тигізетін әрекеттерге барудың арты үлкен өкініштерге алып келеді. Қазіргі таңда жастар арасында белең алған қылмыстар нашақорлық пен алып-сату, интернет алаяқтыққа бой алдырмас үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аманжолов студенттері Өскемен қаласының Полиция басқармасына келіп өндірістік іс-тәжірибеден өте алады. Біз білімімізбен бөлісуге әрдайым дайынбыз, — деді полиция майорі Біржан Бауыржанұлы.

Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының инспекторы Махаббат Қасымжанова С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра түлектері қандай лауазымдарға жұмысқа орналаса алатындықтары жөнінде толық ақпарат берді.

— Біз қазірден бастап студенттердің бойына академиялық адалдыққа қалыптастырып жатырмыз. Патриоттыққа тәрбиелеп, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, ізгі көзқарас қалыптастыруда студенттерге әртүрлі шаралар ұйымдастырамыз. Өскемен қаласының Полиция басқармасымен тығыз байланыстамыз, — деді Құқықтану кафедрасының профессоры Гүлмира Байыркенова.

Оның айтуынша қазір құқықтану мамандығына қабылдануға талап күшейіп, жоғары бал жинаған білімді жастар ғана оқуда.

Кездесу соңында студенттер Біржан Бауыржанұлынның кәсібіне, мансабының отбасына әсері жайлы сұрақтар қойды.  Өскемен қаласы Полиция  басқармасының өкілі студенттерді еліне абыройлы қызмет етуге, алғашқы еңбек жолында шыдамды болуға шақырды. Ел тыныштығын күзететін полиция қызметкерлерінің жұмысы жауапкершілікке толы екендігін айтты.