30 октября 2024
ЖОО ҒАЛЫМДАРЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨЛІКТІК- ЛОГИСТИКАЛЫҚ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУДА
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті — тұрақты даму және әлеуметтік серіктестік қағидаттарына негізделген жоғары технологиялық білім беру, ғылыми және кәсіпкерлік ортаны дамытуға бағытталған инновациялық университет. Университет ректоры Мұхтар Төлеген Қазақстан экономикасының трансформациясына арналған кадрларды даярлауға бағытталған жаңа үлгісін құруда белсенді қолдау көрсетуде.
Осы міндет аясында экономика ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Жанарыс Райымбеков «Қазақстан аумағындағы тез бұзылатын азық-түлік өнімдерінің логистикалық инфрақұрылымын және тұрақты жеткізілім тізбектерін дамыту» ғылыми жобасының жетекшісі ретінде ШҚУ ғалымдарымен бірлесіп ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Олардың қатарында PhD докторы, қауымдастырылған профессор Майнур Ордабаева, экономика ғылымдарының кандидаты Тана Абылайханова, сеньор-лектор Ержан Домалатов және PhD докторанты Айгерим Рахметулина бар.
Жанарыс Раимбеков кәсіпорын экономикасы мен логистикасы, өңірлік және ұлттық экономика саласындағы маман, көліктік-логистикалық жүйені мен инфрақұрылымдарды дамыту, тауар өткізу жүйелерін қалыптастыру және дамыту бойынша оқулықтар мен оннан астам монографиялардың авторы. Ол 2008 және 2015 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантын, сондай-ақ 2022 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Үздік ғылыми қызметкер» грантын иеленді. Сонымен қатар, 360-тан астам ғылыми еңбектің, өнертабысқа екі патенттің, ғылыми және оқу басылымдарына 15 куәліктің авторы.
Сондай-ақ, Жанарыс Раимбеков республикалық және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға үлес қосуда. Серіктестік аясында ол ШҚУ ғалымдарымен бірлесіп «Қазақстанның көліктік-логистикалық жүйесін басқару» монографиясын шығарды және Scopus пен WOS базаларында индекстелген халықаралық рецензияланған ғылыми журналдарда төрт мақала жариялады.
ЕҰУ проффесссоы ШҚУ ғылыми қызметкерлерімен бірлесе отырып, Қазақстандағы тауар өткізу жүйесін құру, тез бұзылатын өнімдер мен суық тізбек үшін логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша зерттеулер жүргізуде.
— Қазір тауарлар бағасының негізсіз өсуі және отандық кәсіпорындардың шетелдік нарықтарға шығуында қиындықтар байқалады. Біз тез бұзылатын өнімдердің тауарлық құрылымын және логистикалық инфрақұрылымның жағдайын зерттедік. Жүргізілген талдау тез бұзылатын өнімді сақтауға түсу сипатын ескере отырып, оны сақтау инфрақұрылымын жаңарту қажеттігін көрсетеді, — деді профессор.
Қазіргі уақытта Жанарыс Раимбеков ШҚУ докторанты Айгерим Рахметулинамен бірлесіп шаруашылық жүргізудің шағын нысандарының тез бұзылатын өнімдері мен жеткізудің тиімді тізбектері үшін логистикалық инфрақұрылымның жұмыс істеу тізбектерін әзірлеуде.
Олардың айтуынша, цифрлық технологияларды пайдалану негізінде жасалған механизмдер логистикалық жүйенің жаңа деңгейіне өтуге ықпал етеді. Алынған нәтижелер логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін және қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік-экономикалық әсер шаруашылықтардың шағын нысандарының өнімдерін бірыңғай интеграцияланған орталықтарға біріктіру арқылы тез бұзылатын өнімдердің тұрақты жеткізу тізбегін қамтамасыз ету, сондай-ақ бастапқы тез бұзылатын өнімдерді жинау және жинақтау орталықтары мен дистрибутивтік орталықтармен интеграциялаудан тұрады.