30 октября 2024


ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ: БІЛІМ АЛУҒА ШЕКТЕУ ЖОҚ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында облыстағы ірі білім беру ұйымдары өкілдерінің басын қосқан «Инклюзивті білім беру жағдайында білім беру процесін басқару: заманауи тәсілдер мен тәжірибе» семинары өтті. Мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды мектептерге бейімдеу, олардың ата-аналарымен жұмыс және арнайы педагог маманның кәсіби шаршау және қажу фактілерін болдырмау үшін атқарылатын жұмыстар легін пысықтау.

Инклюзивті мәдениетті қалыптастыру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпыға бірдей білім беретін мектептерде бейімдеу мақсатында С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова, ШҚО ББ «ОПМПК» КММ басшысының міндетін атқарушы, жоғары біліктілік санатты логопед-дефектолог Рауан Байчинов, «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығының өкілі және басқа да білім бөлімінің мекемелері, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы келіп қатысты.

КАДР ДАЙЫНДАУ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі арнайы педагогика үшін кадрлерді дайындаудың озық тәсілдерін ұсынды. «Dana bala» орталығында психологиялық кеңес беру, психологиялық диагностика және коррекциялық аппарат зертханалары жұмыс істейді. Бұл зертханалар даму жағдайына қарамастан барлық білім алушыларды жайлы және бейімделген ортада оқуына мүмкіндік жасайтын жаңа тәсілдер мен әдістерді сынақтан өткізіп әдістемелерді дайындайды.

Университет қабырғасында оқу-әдістемелік жұмыс үш бағытта іске асады.  Бірінші, әріптестер теориялық білімді практикада қолданып көрулері үшін шеберлік сағаттары мен семинарлар, екінші, студенттердің өздерін жетілдіріп, креативті қабілеттерін дамыту үшін шығармашылық байқаулар, «Күміс университет» аясында оқытушылар өздерінің кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп отырулары үшін біліктілікті арттыру курстарынан өткізеді.

— Шығыс Қазақстандағы инклюзивті білім алып жатқан балалардың саны 6196, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жалпы санының 57 %-ын құрайды. 2025 жылға қарай елімізде мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды жалпыға бірдей біліммен қамтамсыз ету көрсеткішін жоғарылату көзделуде. Мектепке дейін білім беру мекемелерінде 70 %-ға, мектептерде 100 %-ға, колледждер мен ЖОО-ларда да 100%-ға өсіру көзделіп отыр. Осыған орай ШҚУ-да педагогтердің кәсіби құзіреттілігін арттыру, педагог-ассистент жұмысына мамандану курстарын өткізіп жатырмыз, — деді «Dana bala» ҮжИББ орталығының жетекшісі Алима Алипова.

Орталықтың басты мақсаты – ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға жан-жақты қолдау көрсету. Ерекше талабы бар балалардың ата-аналарымен жұмыс істеу де басым бағыттардың бірі. Бұдан бөлек орталық мамандары педагогтерді тәжірибе жүзінде де қолдап әртүрлі практикалық семинарлар өткізеді.

Кәсіби мамандар жаңа идея мен тәжірибелерін үлкен аудиториялардағы көрмеге ұсынып отырады. Мұндай шаралар оқуытушылардың беделі мен танымалдылығын арттырып, білім саласындағы берік қағидаларын қалыптастырады.

МЕКТЕПТЕРДЕГІ ИНКЛЮЗИВТІ МӘДЕНИЕТ

Қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттілігі бар 12 000 бала облыс орталығында тұрады. Өскемен қаласының білім бөлімі жыл көлемінде ерекше білім беру қажеттілігі және мүмкіндігі шектеулі балаларға мониторинг жүргізіп отырады.

2022 жылы ерекше білім беру қажеттілігі және мүмкіндігі шектеулі 692 бала арнайы сыныптарда білім алса, олардың саны 2024 жылы 552 қысқарған. Жалпыға бірдей білім беретін сыныптарда инклюзивті білім алатын оқушылардың саны 2022 жылы 929 болса, 2024 жылы 1278-ге өскен. Екі жылдың ішінде 3 %-ға өсім байқалады.

2024 жылғы есеп бойынша қаланың білім беру мекемелерінде ерекше білім беру қажеттілігі және мүмкіндігі шектеулі 2010 бала білім алуда. Олардың 351-і мүмкіндігі шектеулі. 552-сі арнайы сыныптарда, 180 бала үйде білім алуда және 1278 бала жалпы бірдей білім беру мекемесінде жеке бағдарламамен оқуда. Үш жылдың ішінде ерекше білім беру қажеттілігі және мүмкіндігі шектеулі балалар саны 1860-тан 2010-ға дейін өскен. 2024 жылы 150 балаға артқан.

2024 жылы қаланың 11 мектебінде 611 бала білім алатын 79 түзету сыныптары жұмыс істейді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін педагогтердің де саны 2022 жылдан бері 44%-ке өскен.

ШҚО ББ «ОПМПК» КММ қорытындысы негізінде шататтағы педагог-ассистенттің саны 2021 жылы 6 ұйымда 49 болған, ал 2024 жылы 33 ұйымда 124 педагог-ассистент жұмыс істейді.

Баланы дамытудың кешенді шешімін табу, оқудың оң әсерін және бейімделуді жеделдету үшін 20 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері және инклюзивті білім беруді одан әрі дамыту орталықтары ашылған.

Бүгінгі таңда барлық қалалық мектептері 100%  пандустармен жабдықталған.

«ИНКЛЮЗИВТІ МӘДЕНИЕТ» ТҮСІНІГІ

Инклюзиялық мәдениеттің ортадағы шекараны жойып барлық білім алушыларды біріктіріп оқуды қолдайтын философиялық мәні бар. Инклюзия – баршаға қолжетімді білім беру құндылығын қолдауға бағытталған мектеп мәдениетінң бір бөлігі. «Ақ Ниет» мектеп-интернатының директоры Светлана Кривицкая инклюзивті мәдениетті қалыптастырудың негізі бағыттарының бірі кадрмен қамтамасыз ету екендігін баса айтты. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс барысында мұғалімдердің құзіреттілігін арттыруда кәсіби дайындық курстарын дайындау маңызға ие.

Инклюзивті қоғам қалыптастырудың іргетасын қалауда отбасы мен мектептің байланысын нығайту, педагогке мектеп әкімшілігі және басқа педагогтер тарапынан қолдау, әр білім алушы тарапқа сенімділік ұялату — басты ережелердің бірі.

ПЕДАГОГ ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ КӘСІБИ КҮЮ МЕН ҚАЖУ СИНДРОМЫН АЛДЫН АЛУ МОДЕЛІ

С.Аманжолов атындағы психология және коррекциялық педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Юлия Кукина кәсіби құлдырау мен шектен тыс шаршауға соқтыратын стресс түрлерін баяндады. Жұмыс сапасына кері әсер ететін жағдайлардан қорғану әдістері мен өзін-өзі реттейтін тәсілдер ұсынды.

— Педагог маман ең әуелі өзінен күйіп кету, қажу белгілері байқала бастағанда бірден қажетті шара қолдануы керек. Оған қасындағы әріптестері де көмек бергені жөн. Денсаулығынан, күнделікті әдеттеріне болатын өзгерістерге мән беру қажет. Күйзеліске шыдас беру үшін арнайы курстар өтіп тұрғандары жөн, — деді Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Юлия Кукина.

Сондай-ақ, ол педагог маманның өзін психологиялық жағынан қорғай алуы, айналысатын сүйікті ісінің болуы маңызға ие екендігін айтты. Энергияны үнемдеудің әдістерін білу, белсенді мәдени демалысқа уақыт бөлу күйзелістен қорғанудың бір тәсілі. Өзін-өзі қолдап, эмоциясын қалыпқа келтіру үшін жымыю, жағымды ойлар, таза ауада жүру, қозғалыста болу сынды жағымды әсер беретін істермен шұғылдану  да маңызды екенін жеткізді.