20 ноября 2024
ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА: «DANA BALA-ДА» ИНКЛЮЗИЯ ҒЫЛЫМ, МЕДИЦИНА ЖӘНЕ БІЛІМНІҢ ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСЫНДА ДАМИДЫ
Өскеменге жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова 2022 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында ашылған «Dana bala» үздіксіз инклюзивті білім беру орталығымен танысты. Бірегей нысан білім беру қызметтерін алу үшін ата-аналарымен орталыққа келетін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмысқа арналған. Студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.
Тамара Қасымқызына аппараттық психодиагностика және психокоррекция, сенсорлық интеграция және түзету зертханаларының, ЅТЕАМ және логопедиялық кабинеттің жұмысы таныстырылды. Бұл алаңдардың әрқайсысы түрлі бағытта ерекше балаларды тиімді түзетуге бағытталған.
Бүгінде елімізде инклюзияны тиімді дамыту мәселесі өзекті. С. Аманжолов атындағы ШҚУ бұл жаһандық мәселені білім, ғылым және медицина тоғысында шешуде. Бұл сауатты тактика. Мақтауға тұрарлық, — дейді Тамара Дүйсенова.
Орталықтың жұмысын ұйымдастырудағы пәнаралық тәсіл және ғылыммен тиімді қарым-қатынас дефектология, психология оқытушыларына, бейімделген дене шынықтыру мамандарына студенттермен бірге эксперименталды түрде жаңа әдістемелер әзірлеуге, авторлық куәліктер мен патенттер дайындауға мол мүмкіндік береді, — дейді Мұхтар Төлеген.
Вице-премьер университет қызметкерлерінің авторлық әзірлемелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, әдістемелік құралдар, логопед-дефектологтың кәсіби үстелі, вертикализатор, мамандандырылған үстелдер мен орындықтарға көп тоқталды. Ол орталық қызметіне оң баға беріп, ерекше балалармен жұмыс істейтін болашақ мамандар үшін бұл баға жетпес тәжірибе екенін атап өтті. Университеттің инклюзивті білім беруді дамытуға қосқан үлесі мұнымен шектелмейді. Инклюзивті орта үшін кадрлар даярлауға маманданған өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны «Ерте жастан қолдау педагогикасы» және «Эргопедагогика» инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асырады. Бұл туралы Үкімет басшысы орынбасарына қауымдастырылған профессор Светлана Стельмах айтып берді.
Ерте қолдау педагогтары дамудың ерте ерекшеліктерін бағалауда және оңалтуды жобалауда маман құзыретін қалыптастырады. Әр түрлі ауытқулары бар балалардың тек 2%-ы туған кезде анықталады деген статистика бар, бірақ 8-9 жасқа дейін мұндай балалардың саны 10%-ға дейін артады. Бұл балалардың 8%-ына ерте диагноз қойылмағанын және ерте қолдау алмағанын білдіреді, — дейді профессор.
Екінші сұранысқа ие мамандық — «Эргопедагогика». Ол церебралды сал ауруы және тірек-қимыл аппаратының басқа да бұзылыстары диагнозы қойылған балалармен жұмыс істеуге бағытталған. Түлектер даму ерекшеліктері бар баланың мағыналы іс-әрекетін дамыту бағдарламаларын әзірлеумен және жүргізумен айналысады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ШҚУ-да жаңа деңгейдегі педагогтардың екінші легі оқытылуда.