20 ноября 2024
ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫНА «СЕРПІН» ӨҢІРЛІК ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова ірі өңірлік ЖОО қызметімен танысу мақсатында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде болды.
Үкімет басшысы орынбасарының жұмыс сапары 2014 жылдан бастап ШҚУ-дың №1 оқу ғимараты базасында жұмыс істейтін «Серпін» жобалық кеңсесінде басталды. Он жылда 1200-ге жуық серпіндік ШҚУ дипломын алып шықты. Табысты жұмысқа орналасып, білім, ғылым жолын жалғастырды. Тіпті отбасын құрғандар да мол.
Бұл жоғары оқу орындары арасында ШҚО-дағы ең үздік көрсеткіш. Бүгінгі таңда университетте еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген 444 білім алушы білім алуда.
Бұған дейін Вице-премьер бағдарлама жұмыс берушілердің қажеттіліктерінің нақтылығына байланысты келеңсіздікке тап болғанын атап өткен болатын. Жастар контингенті анықталғанына қарамастан, түрлі салада қандай мамандар қажет екендігі үнемі анық бола бермейтін.
Бұл мәселені шешу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан республикалық жобалық кеңсе және кадрларға қажеттілікті нақтылау үшін жұмыс берушілермен, жұмыспен қамту орталықтарымен, университеттермен және колледждермен өзара іс-қимыл жасайтын өңірлік кеңселер құрылды, — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Бір кездері сол бағдарлама бойынша келген студенттер бүгінде «Серпін» жобалық кеңсесінің мамандары атанып отыр. Қазір олар университетке жаңа білім алушылар легін тартуда.
Біз тиімді үйлестірумен, ауқымды кәсіптік бағдарлаумен, әлеуметтік қолдауды ұйымдастырумен, еңбек нарығын талдаумен, «Серпін» түлектерінің жұмысқа орналасуы мен өмір сүру сапасын мониторингілеумен айналысамыз. Сондай-ақ, біз күнделікті серпіндіктерге сенім телефоны арқылы кеңес береміз. Жобалық кеңседе жұмыс қызу, — дейді Әділет Кәрібай.
Бүкіл оқу бойы студенттерді облыста жұмыс істеуге бағыттаймыз, — дейді жобалық кеңсенің басшысы Лейла Байжұманова. — Оларға қандай төлемдер қарастырылғанын, қай мекемеде бос жұмыс орындар барын айтып, артықшылықтарын түсіндіреміз.
Сонымен қатар, вице-премьер мемлекеттік бағдарламаның бітіруші курстарының 60 студентімен кездесті. Кездесуде жұмысқа орналасу, мемлекеттік гранттарды пысықтау және алдағы жоспарлар мәселелері қозғалды. Тамара Дүйсенова түлектерге бағдарламаның басты мақсаты тек оқу ғана емес, жұмысқа орналасу екенін еске салды. ОҚО жастарының миссиясы кадрлар тапшылығы бар облыстардағы жағдайды оңалту.
Көп ұзамай математика пәнінің мұғалімі боламын. Кейін жұмысқа қабылдау кезінде жоғары сұранысқа ие болу үшін ШҚУ-ға магистратураға түсуді жоспарлап отырмын. Мен «Серпін» арқылы білім алғаныма еш өкінбеймін. Мұнда тек білім алып қана қоймай, сонымен қатар қызықты өмір тәжірибесін алдым, — дейді ШҚУ студенті Али Жылқашинов.
Айта кетейік, ШҚУ серпіндіктерінің жұмысқа орналасудағы жалпы пайызы 97%. Бұл елдегі рекордтық көрсеткіштердің бірі.