21 ноября 2024


ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРІНДЕГІ БІЛІМ САЛАСЫ МАМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында вице-премьер Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті жұмысымен танысты. Университет базасында «Серпін» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңсе құрылған болатын. Жоба жүзеге асырылған 10 жыл ішінде 1122 студент диплом алған. Жобалық кеңсе мәліметіне сәйкес, түлектердің 97%-ы жұмысқа орналасқан. олардың көпшілігі жергілікті ұйымдарға жұмысқа орналасып немесе ғылыми қызметін жалғастыра отырып, Шығыс Қазақстанда қалуға шешім қабылдаған.

Студенттермен кездесуде Тамара Дүйсенова «Серпін» бағдарламасы сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға және өңірде жұмысқа орналасуға бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті. Университет базасында сондай-ақ, «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы жұмыс істейді. Мұнда аймақтағы білім беру мекемелері тәжірибесіне белсенді инклюзияны енгізу жөніндегі көлемді шаралар қолға алынған. Мамандар әріптестеріне консультациялық және ақпараттық қолдау көрсетіп, дуальды оқыту әдісін кеңінен қолдануда. Орталықта университет студенттері тәжірибе жинақтап ерекше балалармен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді, бұл оларға қажетті тәжірибемен еңбек нарығына шығуға көмектеседі.

«Баламен жұмысты ерте жасынан бастаса, бұл олардың қоршаған ортадағы өзгерістерді қажет етпестен қоғамға сәтті бейімделуіне және интеграциялануына көмектеседі. Қазіргі уақытта біз толық әлеуметтендірілген балаларды шығарып жатырмыз және бұл үдеріс неғұрлым ерте басталса, нәтижесі соғұрлым тиімді болады», —  деді С. Аманжолов атындағы ШҚУ психология және коррекциялық педагогика кафедрасының профессоры Светлана Стельмах.

«Біздің негізгі мақсатымыз – білім берумен шектелмей, азаматтың тұлға ретінде дамуын қамтамасыз ету. Ол үшін балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейін бірізді, өзара сабақтас жүйе қалыптасуы маңызды. Сонымен қатар әр бағытта үздік оқу бағдарламалары, әдістемелер пайдаланылып, ұстаздар біліктілігін ұдайы арттырып отырғаны маңызды. Сапалы білім алған азамат біздің келешегіміздің кепілі екенін естен шығармауымыз қажет», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

 

Дереккөз: https://primeminister.kz/news/tamara-duysenova-shygys-kazakstan-onirindegi-bilim-salasy-mamandarymen-kezdesti-29361