22 ноября 2024


СЕНІМДІ СЕРІКТЕСТІК: ШҚУ ӨКІЛДЕРІ И.РАЗЗАКОВ АТЫНДАҒЫ ҚМТУ-ДА

С.Аманжолов атындағы ШҚУ делегациясы басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлегеннің жетекшілігімен ректор Чыныбаев Мирлан Койчубекұлының шақыртуымен Қырғыз мемлекеттік техникалық университетіне іс-сапармен барды.

 

Айта кету керек, И.Раззаков атындағы ҚМТУ – Бішкек қаласында орналасқан жетекші техникалық оқу орын. QS WUR рейтингінде бұл университет 1201-1400 орындарды иеленсе, QS Asia University Rankings 2024 рейтингінде 19-орынға ие. Сонымен қатар, ҚМТУ QS Asia University Rankings 2024: Central Asia рейтингінде 20 үздік университеттің қатарына еніп, 351-400 орынға жайғасқан.

 

Сапар барысында қазақстандық делегация мүшелеріне «Физика» және «Химия және химиялық технологиялар» кафедраларының зертханалары таныстырылып, тараптар серіктестіктің болашағын талқылады. Экскурсия ҚМТУ-дың бейіндік Ақпараттық технологиялар, Технология институттары мен «Жаңартылатын энергия көздері» және «Машина жасау технологиясы» кафедраларында жалғасын тапты.

Сондай-ақ, екі жоғары оқу орынының қос тарабы серіктестіктің стратегиялық бағыты мен басқа да өзекті сұрақтарды талқылады. Сұхбаттасу барысында ШҚУ-дың ҰҚҰҒЗ жетекші қызметкері Альмира Жилкашинова Қазақстандағы ғылыми жобаларды коммерцияландыру тәжірибесі туралы айтты.

 

Іс-сапардың маңызды шарасына айналған жаңа коворкинг-орталықтың салтанатты ашылуында ШҚУ делегациясы құрметті қонақтар қатарында болды.

 

Іс-сапар ҚМТУ-дың инновациялық зертханаларында және білім беру кеңістігіндегі экскурсиямен аяқталды. ШҚУ өкілдері FabLab, Samsung LAB, DEFA зертханасы, Студенттерге қызмет көрсету орталығы, Республикалық құзірет орталығын аралады.

Ресми сапардың нәтижесінде Эразмусқа ғылыми жобалар бойынша өтінім беруде бірлесіп жұмыс істеу, физика, химия, экология, экономика, туризм салаларындағы бірлескен білім беру бағдарламаларын және болашақ инженер-технологтарды дайынау үшін қос дипломдық бағдарлама әзірлеу, Халықаралық инжиниринг орталығын құру, университеттерді халықаралық рейтингтерде алдыңғы орынға шығару, білім алушылар мен профессорлық-оқытушылар құрамын академиялық ұтқырлықпен алмастыру, сондай-ақ тұрақты даму аясындағы серіктестікке (трансшекаралық су ынтымақтастығы, білім сапасын басқару (ESG), инклюзивті білім беру) және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.