22 ноября 2024
«ХИМИЯЛЫҚ КАЛЕЙДОСКОП» МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ТУРНИРІ ӨТТІ
Amanzholov University-де қала және облыс мектеп оқушылары
арасында «Химиялық калейдоскоп 2024» 15-ші мерейтойлық турнирі өтті. Жыл
сайынғы пәндік байқау жас таланттарды анықтауға, кәсіптік бағдар беруге және
альма-матер тарапынан қолдауға бағытталған. Биылғы турнирдің тақырыбы
«d-элементтер және олардың маңызды қосылыстары» болды.
Іс-шараның бағдарламасы химиктердің ант қабылдау рәсімімен
және олардың әнұранының орындалуымен ашылды.
Шара барысында «Біліктілікті арттыру» орталығының
жетекшісі Жаннел Болатова мен IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің
деканы Салтанат Әдіқанова турнирге қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп,
студенттерге сайыстың барлық кезеңдерінде сәттілік тіледі. «Танысу», «Қыздыру», «Лирик химиктер»,
«Капитандар», «Жас химик» этаптары болды. Әрбір тапсырма химия бойынша
теориялық және практикалық білімді анықтауға бағытталды. Сонымен қатар, мектеп
оқушылары университет зертханаларында қызықты эксперименттік тапсырмаларды
орындады, викторинада өз білімдерін және «химиялық» флешмобта өз таланттарын
көрсетті.
Бір қызығы, биыл алғаш рет «Үздік фотосурет» және
«Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым» номинациялары берілді.
Шара соңында ұстаздарға алғыс хаттар табысталып,
қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Турнирдің бірінші
күнінің қорытындысы бойынша орыс тілді мектептердің оқушылары арасында
жеңімпаздар анықталды:
Үздік капитан болып №11 мектеп-лицейінің «Алтын шеберлер»
командасынан Злата Рыбникова танылды. Үшінші жыл қатарынан №39 орта мектептің
«Орион» командасы «Лирикалық химиктер» аталымын жеңіп алды. Олар «Белсенді
жанкүйерлер» номинациясында да жеңіске жетті. Үшінші жүлдені №29 қосымша білім
беру мектеп-орталығының «Андромеда» және М.Шаяхметов атындағы №23 орта
мектептің «Нейтрончики» командалары иеленді. Екінші орынды №18 орта мектептің «Темір
титандары» және №39 орта мектебінің «Орион» командалары иеленді.
Жыл сайынғы «Химиялық калейдоскоп 2024» турнирінің
жеңімпазы №11 мектеп-лицейінің «Алтын шеберлер» командасы болды.
Мемлекеттік тілде оқытатын мектеп оқушылары арасындағы
турнир қорытындысы бойынша:
«Капитандар» сайысында Ш.Уәлиханов атындағы №3
мектеп-лицейінің оқушысы Алмаз Жүнісов жеңімпаз атанды.
«Жас химик» номинациясында №48 мектеп-қосымша білім беру
орталығының оқушылары Маржан Балтағалиева мен Нұрай Дүйсенбек жеңімпаз атанды.
«Лирикалық химиктер» аталымында №47 орта мектептің
«Металл-мифтері» командасы жеңіске жетті. «Белсенді жанкүйерлер» аталымында
Ш.Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің «Жалын» командасы үздік атанды.
Үшінші орынды No47 орта мектептің «Металл-мифтері» және М.Шаяхметов
атындағы No23 орта мектептің «Потенциал» командалары өзара бөлісті.
Екінші орынды Қ.Нұрғалиев атындағы No43 мектептің
«Химиялық жұлдыздар» және No48 мектеп-орталығының «Атомдық Альянс» командалары
иеленді.
Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің «Жалын» командасы
жеңімпаз атанды.