25 ноября 2024


ШҚУ-ДА АҚЫН, САЗГЕР НӘБИОЛДА КЕМЕШЕВ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде елімізге танымал ақын, сазгер, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері, актер, Күршім ауданының Құрметті азаматы және университетіміздің доценті Нәбиолда Кемешевпен «Отбасылық құндылықтар» тақырыбында тағылымды кездесу ұйымдастырылды.

Кездесу барысында Нәбиолда Кемешев өзінің шығармашылығы, өмір жолы туралы әңгімелеп, бүгінгі күннің маңызды тақырыбы – отбасылық және қоғамдық құндылықтардың маңыздылығына тоқталды.

– Кездесуіміздің басты мақсаты – адами құндылықтарды қалыптастыру және қоғамдық этиканың маңызын талқылау. Президентіміз «Жаңа Қазақстан» идеясы аясында қоғамдық этиканы дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Бұл мәселелер Абай мен Шәкәрімнің мұраларында терең қозғалған тақырыптар. Бүгінгі жастардың осы мәселелерге деген қызығушылығы қуантады. Осындай мазмұнды кездесуді ұйымдастырған университет ұжымына алғысымды білдіремін, – деді Набиолда Кемешев.

Кездесу аясында бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ата дәстүрлер, тыйымдар мен жақсы қасиеттерді іске асыру жолдары сияқты өзекті мәселелер қозғалды. Сонымен қатар, ана тіліне деген құрмет пен оны сақтау мәселесі кеңінен талқыланды.

Студенттер қонаққа өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты сұрақтар қойып, оның шынайы жауаптарына ерекше ықылас танытты. Сондай-ақ, «Қазына» әжелер ансамблі ән шырқап, Набиолда Кемешев музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен өзінің бірнеше әндерін орындады.

Кеш соңында ерекше әсерлі сәт орын алды – ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегеннің сөзіне және Набиолда Кемешевтің әніне жазылған «Әке» әні орындалды.
Бұл кездесу жастарға рухани тәрбие беру мен ұлттық құндылықтарды насихаттауда ерекше маңызға ие болды.