27 ноября 2024


УНИВЕРСИТЕТ ҒЫЛЫМЫ – АЙМАҚТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ ОРТАСЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да Жоғары мектептің еңбек сіңірген қызметкері Жұмаш Увалиевтің құрметіне арналған «Университет ғылымы – аймақтың экономикалық өсу ортасы» атты халықаралық «Уәлиев оқулары – 2024» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. 

Шараға директорлар кеңесінің мүшелері, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылар құрамы, жетекші ғалымдары мен жас ғалымдар, студенттер қатысты. Кеш барысында Жұмаш Увалиевтің университетке ғана емес, елдің дамуына қосқан орасан зор еңбегі сөз етілді. Сонымен қатар, өңірдің дамуын алға қоятын университет ғалымдарының еңбегі, зерттеулері, әзірлемелері баяндалды. 

Жұмаш Увалиев С.Аманжолов атындағы университеттің дамуына 24 жыл өмірін арнаған. Студенттер ғылым іздеп, өңірге пайдасын тигізу үшін әртүрлі зертханалар ашып, қолданысқа берген. Білім алушыларға жатақханалар тұрғызып, алаңсыз ғылыммен айналысуды насихат етті. Әріптестеріне де үлгі, адамгершілікті бірінші орынға қойған азамат болған, — деп ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген естелікпен бөлісті.

ШҚУ жанындағы ғылыми зертханалардың жұмысы нәтижесінде химия, физика, ауыл шаруашылығы, ара және аң шаруашылығы салаларында көптеген стартап жобалар әзірленуде. Нәтижесінде жас ғалымдар өңір экономикасының өсуіне әсер етіп келеді. ШҚУ-дың бірінші жетекшісі мұндағы мақсат жастарды өңірдегі салаларға қарай бағыттап, осы облыста еңбек етуге қалдыру деп атап өтті. «Орман ресурстары, аңшылық және ара шаруашылығы» білім беру бағдарламасының студенті омарта шаруашлығына байланысты жасаған зерттеулері үшін Алексей Гладышев Увалиев атындағы шәкіртақының иегері атанды. Ол қазіргі таңда бал өнімдерінің бірегей түрлерін дайындаумен айналысуда.

Жұмаш Уәлиевтің Аманжолов университетінің дамып, стратегиясын қалыптастыруда еңбегі өлшеусіз. Бұл ғылыми шара танымал ғалымдардың және жас ғалымдардың бастамаларына қанат бітіреді. «Уәлиев оқулары» ғылыми-тәжірибелік конференциясы білім алмасудың және ашық диалог алаңы. Университет ғылымы – өңірдің экономикалық өсуіне оң ықпал ететініне көзіміз тағы жетіп отыр, — деді Директорлар кеңесінің төрағасы Әмірхан Рахимжанов.

Шара соңында Ғылым және жоғары білім министрлігі атынан университеттің бірқатар оқытушылары «Қазақстан Республикасының Ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Ахмет Байтұрынұлы атындағы төсбелгісімен және ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды.