6 декабря 2024


ГЕТЕ-ИНСТИТУТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Amanzholov University-де неміс тілі оқытушыларының қатысуымен «DaF Орталық Азияда» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Кездесуде неміс тілін шет тілі ретінде оқытудың әдістемелік және дидактикалық мәселелері және өзара ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Әсіресе, Шығыс Қазақстанда неміс тілін насихаттауға ерекше назар аударылды.

Еске салайық, Қазақстандағы ГетеИнституты өзінің 30 жылдығын атап өтуде. Мерейтойға орай ШҚУ базасында неміс тілін насихаттау үшін жеңіп алған грант аясында ұйымдастырылған ісшаралар легі аяқталды.

Бұл жоба біздің университетіміз үшін үлкен маңызға ие. Ол халықаралық ынтымақтастықтың дамуын және біздің байланыстарымыздың кеңеюін көрсетеді. Аталған шараға Қырғызстанның Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің неміс тілі оқытушысы Марс Индигараев қатысты. Бүгін Қырғыз университеті мен біздің жоғары оқу орындарымыз арасында тағы бір ынтымақтастық басталды, – деді Білім сапасын қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Динара Сапарова.

Атап өтейік, осы уақытқа дейін өткізілген шаралар әртүрлілігімен ерекшеленіп, көптеген бағыттарды қамтыды. Студенттер мен оқытушылар қазіргі заманғы өнермен, әдебиетпен және неміс тілін үйрену мен оқытудағы инновациялық әдістермен танысты. Мысалы, жақында «Versteckte Grammatik» атты неміс тілі мұғалімдеріне арналған ғылыми-практикалық семинар, «Wie kann man am besten Woerter behalten» атты воркшоп және «Kreativitaet schenkt dir die ganze Welt» атты бейнелеу өнері бойынша мастер-класс өтті.
Бұл сабақтарда қатысушыларға тілді үйрену процесін жеңілдететін заманауи құралдар көрсетілді. Сондай-ақ «Гёте шығармаларындағы Шығыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Айта кету керек, қазіргі білім берудің ең өзекті тақырыптарының бірі – жасанды интеллектінің шет тілдерін үйренуге әсері туралы өткізілген ашық дәрістің маңызы зор болды. Студенттерге жасанды интеллектінің мектептер мен жоғары оқу орындарында тілдерді оқыту процесіне әсері туралы жетекші неміс ғалымдары мен педагогтарының соңғы ғылыми зерттеулері таныстырылды.

Іс-шараның соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Бұл іс-шара университеттер арасындағы байланысты нығайтып, аймақта неміс тілін оқытуға жаңа мүмкіндіктер ашқан жемісті жұмыстың айқын көрінісі болды.