9 декабря 2024


ШҚУ СТУДЕНТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДА ҮЗДІК АТАНДЫ

«Дефектология» білім беру бағдарламасының студенті Инара Бектұрғанова «Bilim-Orkenieti» Ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы мен «Жаңа Қазақстан» Республикалық инновациялық орталығының бірлесіп ұйымдастырған «Түркі халықтарының үздік студенті» халықаралық байқауында жеңімпаз атанды. Жыл сайын өтетін ауқымды шара Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінен қатысушыларын бір арнаға тоғыстырды. Байқауға ғылым, өнер және спорт салаларында үздік нәтижелерге жеткен жастар қатысуға іріктелді.

Инараның сөзінше, ол байқау туралы Instagram әлеуметтік желісіндегі Bilim-Orkenieti парақшасы арқылы білген.

— Менің ойымша, дефектолог әрдайым өзін-өзі жетілдіруге ұмтылуы керек. Бұл байқау амбициямды көрсетуге мүмкіндік берді. Байқауда комиссия мүшелеріне жоғары деңгейдегі дайындығымды және белсенді өмірлік ұстанымды растайтын жетістіктерімді көрсеттім , — деді Инара.

Айта кетейік, ШҚУ студенті «Алтын белгі» иегері және оқудағы жақсы үлгерімі үшін Президенттік шәкірақы иегері. Сонымен қатар, ол «Инклюзия және РАС: шынайы жағдайлар мен мүмкіндіктер» тақырыбында ғылыми-әдістемелік дөңгелек үстелдің қатысушысы және «Таза Қазақстан» республикалық акциясының белсенді волонтері.

Байқауға белсенді дайындалуыма университетімнің жоғары беделі әсер етті, — деп атап өтті Инана.

Оның айтуынша, ШҚУ студенттердің ғылыми және шығармашылық бастамаларын белсенді түрде қолдайды. Университетте студенттердің ғылыми әлеуетін дамыту үшін барлық жағдай жасалған: арнайы зертханалар, оқытушылардың жоғары біліктілігі, заманауи білім беру және ғылыми ресурстарға қолжетімділік, сондай-ақ жеке және кәсіби өсуге ықпал ететін қолайлы атмосфера.

Болашақта Инара инклюзивті білім беру бағдарламаларын әзірлейтін және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін өз командасын құруды армандайды.