10 декабря 2024


ДОКТОР ГЛЕНН АГУНГ ХОУЛ ШҚУ-ДЫҢ ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ АТАНДЫ

Доктор Гленн Агунг Хоул – Норвегиялық ғалым және Оңтүстік-Шығыс Норвегия университетінің доценті. Ол тұрақты өсуді қамтамасыз етуде кәсіпкерліктің трансформациялық күшін белсенді түрде қолдап, дамыту үстінде. Оның пікірінше, кәсіпкерлік инновациялар мен жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің іргетасын қалайды.

28 қарашада доктор Хоулға Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Құрметті профессоры атағы ресми түрде берілді. Бұл беделді марапат доктордың экономикалық өсуді және инновацияларды ынталандыру үшін австриялық экономикалық принциптерді таратудағы маңызды еңбегін мойындау деп санауға болады.

Профессор Қазақстандағы сайлауларға халықаралық байқаушы ретінде қатысып, ғылыми қызметкер және ірі халықаралық конференциялардың делегаты ретінде еңбек етіп Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Оның Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жөніндегі терең түсінігі және ғаламдық ынтымақтастықты алға жылжытудағы белсенділігі оны Норвегия мен Қазақстанның ғылыми және экономикалық бастамаларын біріктірудегі негізгі тұлғаға айналдырды.

Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті профессор Хоулды экономика саласының теориясы мен практикасын ұштастыра білу қабілетіне байланысты таңдады. Оның еңбектері университеттің жаһандық ынтымақтастық пен қазіргі заманғы мәселелерге инновациялық шешімдер ұсыну миссиясына сәйкес келеді. Енді университеттің Құрметті профессоры кәсіпкерлікті тұрақты дамудың іргетасы ретінде серіктестікке жол ашпақ.

Қазақстанның дамуы туралы ой толғаған доктор Хоул Қазақстанның геосаяси және экономикалық мүдделерді теңестіру қабілеті – үлгі аларлықтай модель екендігін атап өтті. Кәсіпкерлік пен инновацияларға басымдық бере отырып, Қазақстан өзара байланысқан, бірақ поляризацияланған әлемде өркендей алатын сенімді экономиканы құра алады.

Astana Times газетіне берген сұхбатында және халықаралық конференцияларда жасаған баяндамаларында доктор Хоул инновациялар мен жеке кәсіпкерліктің ғаламдық мәселелерді шешудегі маңыздылығын үнемі атап өтеді.