10 декабря 2024


ОБЛЫС БАСШЫСЫ ШҚУ СТУДЕНТІНЕ «ЖЫЛ КӨШБАСШЫСЫ» НОМИНАЦИЯСЫН ТАБЫС ЕТТІ

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев «Jastarmen birge» жыл үздіктерін марапаттау рәсімін өткізді. Шара барсында Шығыс өңіріндегі жастар саясатын жүзеге асыруға зор үлес қосып жүрген «Серпін» жобасының қатысушысы, Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Дінмұхаммед Серікбай «Жыл көшбасшысы» номинациясының жеңімпазы атанды. Облыс басшысы Дипломмен қатар 300 мың теңге көлемінде сертификат табыс етті.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 4 курс студенті Дінмұхаммед Серікбай бірінші курс студенті бола жүріп, өзінің тіл табысу қабілетімен, көшбасшылығымен ерекшеленіп, университеттің маңызды іс-шараларынан тыс қалмаған. Республикалық маңызды оқиғаларға студент жастарды тарту, халық игілігіне жұмыс істеуді насихаттау оның басты міндеттерінің бірі.

— Бұл марапатты алуға ұжымның үлесі өте зор. Жоғары оқу орынының басшылығы жастар саясатын жоғары деңгейде қолдайды. Үлкен шараларда жастардың рөлі зор деп үнемі студенттерді назарға алып отырады. Университет басшылығы тәрбие мен білімді бірінші кезекке қойып, жан-жақты дамыған студент болуды үлгі етеді, — деді Дінмұхаммед Серікбай.

Ол «Жыл көшбасшысы» аталымын алуға үлес қосқан ЖОО ұжымына алғысын білдірді. Көшбасшы болуға ең бастысы жауапкершілік керек. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де көшбасшылықтың бір қасиетті деп атап өтті.

Бұған дейін ШҚУ-дың белсенді студенттері «Қаланың үздік жастары» және «Үздік студент» аталымдарын жеңіп алған.