6 января 2025


ЛАЙЫҚТЫ ЖҰМЫС – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ НӘТИЖЕСІ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ жыл сайын түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша жоғары көрсеткіш көрсетіп келеді. Бұл БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатын жүзеге асыруға қосқан елеулі үлес. Мұндай дамудың маңызды құрамдас бөлігінің бірі – лайықты жұмыс орындарын құру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету.

– Соңғы бірнеше жыл бойы жұмысқа орналасу көрсеткіші 98%-ды құрап отыр. Бұл университет студенттерге білім беріп қана қоймай, олардың өз біліктілігіне сәйкес лайықты жұмыс табуы үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді, – деді «Professional Upgrading» мансап орталығының жетекшісі Жаннель Болатова.

Оның айтуынша, ШҚУ Шығыс Қазақстанның ірі кәсіпорындарымен тығыз байланыс орнатып, білім мен өнеркәсіп арасында берік көпір қалыптастырып отыр. Қазіргі уақытта университет өңірдің ірі кәсіпорындары және ұйымдарымен 450-ден астам келісімшарт жасасқан. Олардың қатарында «Қазцинк» ЖШС, «ҚазМинералс», ҚР Ұлттық ядролық орталығы, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, Түсті металдарды зерттеу ғылыми институты (ВНИИцветмет), «ТМК» АҚ және басқалары бар. Бұл серіктестіктер студенттерді және түлектерді бірден іс-тәжірибеге, тағылдамаға жіберіп, жұмысқа орналасуларына да ықпал етеді.

Сонымен қатар, университет  түлектерге теориялық білім беріп қана қоймай, қазіргі замандағы нарыққа сәйкес болулары үшін білім беру бағдарламаларын кәсіпорынның талабына сай бейімдейді.