6 января 2025


ӨҢІРЛІК ЖОО КЕДЕЙЛІКТІ ЖОЮҒА ҚАЛАЙ ҮЛЕС ҚОСА АЛАДЫ?

Жоғары оқу орындары кедейлікті жоюға арналған көптеген негізгі аспектілерді қамтиды. Бұл қағидалар БҰҰ-ның 17 тұрақты даму мақсатында да көзделген. Білім беру – әл-ауқатты арттырудың тікелей құралы, өйткені арнайы білімнің болуы жұмысқа орналасуға және экономикалық жағдайдың тұрақтылығына кепілдік береді.

С. Аманжолов атындағы ШҚУ өзінің тікелей міндетінен бөлек, қоғаммен байланыс бағыттарын да белсенді түрде жүзеге асырады. Солардың бірі – әлеуметтік жауапкершілік.

– ШҚУ студенттері мен оқытушылары әлеуметтік осал топтарға арналған жобаларға жоғары қызығушылық танытып, тұрақты түрде қатысады. Мысалы, волонтерлік, балалар үйлеріне қайырымдылық науқандарын ұйымдастыру. Ұжым еліміздегі төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге тұрақты түрде бір күндік жалақысын аударып келеді, – деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

ШҚУ басшысының айтуынша, альма-матер өз қызметкерлері мен студенттерін де ұмытпайды. Жақында ғана 100-ден астам адамға ақшалай сертификаттар табыс етілді.

– Мемлекет басшысының адал және жауапты еңбекті лайықты бағалау туралы Жолдауына жауап ретінде біз қабылдау науқаны кезінде еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды жастарды тарта отырып, үлкен ықыласпен еңбек еткен қызметкерлерге 200 000 теңгеден, ал студенттерге 150 000 теңгеден 103 ақшалай сертификат табыс еттік, – деп атап өтті ректор.

Жалақыны көтеру, арнайы стипендиялар енгізу, жұмысшыларға сыйақы беру сияқты қадамдар да тұрақты дамудың 17 жаһандық мақсатының бірі – кедейлікті жоюға бағытталған тиімді қадамдардың қатарына жатады.

– Елдің шығысындағы ең ірі жоғары оқу орны – С. Аманжолов атындағы ШҚУ тек білім беру алаңы ғана емес, сонымен бірге жұмысқа орналасу алаңы болып табылады. Біз мыңдаған адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ете отырып, жергілікті экономиканы дамытамыз, – деп қорытындылады Мұхтар Төлеген.