13 января 2025
AMANZHOLOV UNIVERSITY ШҚО МЕКТЕПТЕРІНДЕГІ БУЛЛИНГ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУГЕ АТ САЛЫСУДА
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың психология және педагогика салаларының мамандары мұғалімдерге және психологтарға арналған біліктілікті арттырудың авторлық әзірлемесін дайындады. Оқу әдістемесі зорлық-зомбылықтың, кәмелетке толмаған балалар арасындағы буллингтің және суицидтің алдын алуға бағытталған. Бағдарлама ҚР Білім министрлігімен мақұлданған.
— Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, әрбір бесінші қазақстандық жеткіншек буллингтен зәбір шегуші немесе қатысушы. Қазіргі таңда бұл мәселе өзекті болып тұр, — деді жоба авторларының бірі Юлия Кукина.
Курс бағдарламасы мемлекеттің бала құқығын қорғауға қатысты талаптарын, мәселені шешудің халықаралық тәжірибесін, суидцидтік мінез-құлықты түсіндіру және алдын алу, зорлық-зомбылықсыз ортаны қалыптастыру және кәсіби этикет ережелерін қамтиды.
— Сабақтарды біздің порталдан оқуға болады. Теория, практика материалдарын және нормативтік-құқықтық базаның толық нұсқасын жүктедік. Қатысушылар теориялық білімдерін бағалайтын тапсырмаларды орындайды. Алған білімдерін жұмыс орындарында практика жүзінде орындайды. Курс соңында қатысушылар өз жобаларын қорғап шығады, — деді курс құрастырушы, «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова.
Курсты офлайн немесе қашықтықтан оқуға да мүмкіндік бар. Бұл тек ШҚО педагогтерін ғана емес Қазақстанның әр түкпіріндегі педагог мамандарды өзекті, жаңартылған біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
— Бірінші лектегі курсқа Ақмола облысындағы санаториялық үлгідегі “Жұлдыз” орта-мектеп интернатының 10 мұғалімі қатысты. Болашақта курстарымыздың “географиясы” кеңейе береді деп сенемін, — деді жоба авторы Қымбат Қанапиянова.
Мектеп-интернаттың педагог-психологы Тамара Лебедеваның айтуынша, алған білімнің нәтижесінде тәуекел тобындағы балалармен түзету жұмыстарын жүргізу, зорлық-зомбылық жағдайлары кезінде тиімді әрекет ету, сондай-ақ мектепте қауіпсіз, жайлы орта қалыптастыру барысы жеңілдеген.