15 января 2025


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ІРІ ҚАЛАЛАР МЕН ӨҢІРЛЕРДЕГІ ҒЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫНДАҒЫ ТЕҢСІЗДІКТІҢ ТӨМЕНДЕУІ

Соңғы жылдары елде «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасы аясында өңірлердегі ғылымның дамуына аса мән берілуде. Бұл бастама БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге жасалған қадамдардың бірі. Оның негізгі мақсаты — ірі қалалар мен өңірлер арасындағы ғылым саласындағы теңсіздікті жою, ғылыми әлеуетті біркелкі дамыту.

Әлемдік ортақ мақсатқа жету үшін С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да форсайт орталығы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Форсайттың ашылуында осы уақытқа дейін ғылымға бөлінген қаржының 75%-і Алматы мен Астана қалаларына жұмсалғанын, тек қалған 25 %-і ғана өңірлерге аударылғанын айтылған еді. Енді бұл олқылықтардың орны толтырылып, өңірдегі ғалымдардың жұмыстары республика деңгейінде жоғары бағаланып жатыр.

— Біздің ғылыми орталықтың қызметкерлері үнемі жасыл экономиканы қолдай отырып, жер шарындағы адамдардың игілігі үшін жұмыстар атқарып келеді. Елімізде табиғи байлықтардан соң екінші үлкен өндіріс – ауылшаруашылығы. Біз ауылшаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін, топырақтың ылғалдылығын сақтау мақсатында зерттеулер жүргізіп келеміз, — деді ҰҚҰҒЗ меңгерушісі Ақатан Қыдырмолла.

Айта кетейік, ШҚУ-дың ғылыми қызметкерлері 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру аясында құны жоғары алты жоба ұтып алған еді. Басымдыққа ие бағыттардың бірі — Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы.

— Біз орталықтың ғалымдар тобымен бірлесіп күнбағыс, соя және басқа да дақыл қалдықтарын қайта өңдеп, бағалы биополимерлер алдық. Осыны қайтадан ауылшаруашылығында қолданып кәдеге жаратамыз. Бұл ғылыми жұмыстардың барлығы әлемдегі әрбір адамның мәселесін шешуге, оларға табиғи, таза өнімдер тұтынуға мүмкіндік беру мақсатында зерттеліп жатыр, — деді деді Ақатан Қыдырмолла.