26 Желтоқсан 2023


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖАС НОВАТОРЛАРЫ: ЖАҢА ЗЕРТТЕУЛЕР МЕН ӘЛЕУЕТ

Эко-полиэтилен, интеллектуалды егіншілік, суды инновациялық сүзу – бұл С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің жас ғалымдары әзірлеген ғылыми жобалардың аз ғана бөлігі. Бүгінгі Amanzholov University студенттері – инновациялық ойлай алатын, белсенді, білімді және мақсатшыл жастар. Олар авторлық ғылыми жобаларды сәтті жүзеге асырып, қоғам мен экономикаға оң әсер ететін стартап әзірлемелерді жарыққа шығаруда.

Университет соңғы жылдары Қазақстан Республикасының іргелі және қолданбалы зерттеулерінің басым бағыттарына сәйкес қалыптасқан ғылыми зерттеулерді жетілдіруде. Зерттеу жұмысының ресурстарын жаңартып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми жобалары мен бағдарламаларын гранттық қаржыландыруға арналған байқауларға қатысуда. 2018 жылдан 2023 жылға дейін ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің бюджеттік бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде университет ғалымдары мен профессор-оқытушылар құрамы 89 жоба орындады. Биыл 23 жоба жүзеге асырылуда. Университет қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамы орындаған ғылыми-зерттеу жұмысының көлемі 3 млрд. теңге. Ал, 2023 жылы – 590 273 516,5 теңгені құрады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 200%-ға артық. 2018 жылдан 2023 жылға дейін республика мен Шығыс Қазақстан облысының жеке ұйымдары мен кәсіпорындарының тапсырысы бойынша жалпы сомасы-162 264 700 теңгеге 45 шаруашылық келісімшарттық жоба орындалды.

Университеттің жас ғалымдары таяуда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке өздерінің ғылыми еңбектерін таныстырды. Соның бірі Тілек Қуанышбеков. Ол «Су объектілерін тазартуға арналған композициялық сүзгі материалдарын өндіру технологиясы» жобасын таныстырды. Жоба өзекті әлемдік проблема – тұщы судың сапасыздығын шешуге арналған. Оның аясында биополимерлер, керамикалық материалдар, сондай-ақ картриджге құрастырылған графит оксидімен модификацияланған, көміртекті материалдар негізінде сүзгіш композициялық сорбенттер өндірісін жолға қою, сонымен қатар университет базасында корпустар жасау жоспарланған. Ғылыми жұмыстардың қорытынды өнімі ірі кәсіпорындарда және тұрғын үйлерде қолданылады деп жоспарлануда.

Ал, жас ғалым, 30 жылдық жұмыс тәжірибесі бар агроном Алмасбек Мәуліт цифрлы аналогтық порталмен жұмыс істеп жатыр. Ғалымдар әзірлемесі мультиспектрлі камерасы бар ақылды дроннан тұрады. Ол егіс жұмыстарының уақытын, өнімділігін және тыңайтқыштың қажетті көлемін болжауға көмектеседі. Бұдан бөлек университет өнертапқыштары арамшөптермен күресте жасанды интеллектіні қолдануды жолға қойған. Құрылғы қашықтан түсіру кезінде камера арқылы өсімдіктердің әртүрлі түрлерін ажыратып, арамшөптер шоғырын анықтай алады. Ары қарай бағдарлама басқа алқаптардан алынған фотосуреттерді талдап автоматты түрде арамшөптердің бар-жоғын, олардың қай жерде өскенін және қай аймақта екенін көрсетеді.

Ұлттық ғылыми зертхана базасында жас ғалым Нариман Қайырбеков полиэтилен пакеттері кесірінен бүкіл әлемде қоршаған ортаның ластануы проблемасын шешу жолында тынымсыз еңбектенуде. «Табиғи полимерлер негізінде биологиялық ыдырайтын материалдарды әзірлеу» жобасы биологиялық ыдырайтын полиэтилен пакеттер дайындауды мақсат етеді. Әйтпесе, целофан қалдықтары ғасырлар бойы биологиялық ыдырауға ұшырамайды. Мәселенің өзектілігін түсінген Нариман Қайырбеков мектеп қабырғасында-ақ өз шешімін ұсынған. Қазір ғалым тақырыпты егжей-тегжейлі талдап, эксперименттік зерттеулер жасау сатысында. Ол крахмал немесе целлюлоза негізінде биоматериал жасайды. Қолданғаннан кейін оларды ыдырату үшін суда еріту жеткілікті. Оның арманы – қазақстандық биологиялық ыдырайтын өнім жасап шығару.

«Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану» басым бағыты бойынша ЖОО-да «Сутекті алуға, сақтауға және электр энергиясын өндіруге арналған инновациялық технологияларды, материалдар мен құрылғыларды әзірлеу және зерттеу» жобасы зерттелуде. Жобаның негізгі міндеті бойынша Ұлттық ядролық орталық сутегі элементін өндіру, сақтау және тасымалдау саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған зерттеулер жүргізеді. Ал университет алынған сутегі элементін кәдеге жарату арқылы электр энергиясын алу үшін мембраналық электрод блогын жасаумен айналысады. Нәтижесінде жасыл энергияға қол жеткізетін экологиялық таза технологиялар тізбегін жалпы әзірлеу іске асырылатын болады.

ЖОО-да ғылыми аналитикалық және технологиялық жабдықтармен жабдықталған «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Мұнда жас ғалымдар материалтану, машина жасау, металл өңдеу саласындағы инновациялық технологияларды әзірлеумен айналысады. Әр түрлі ресурс үнемдеу технологияларының негізінде орталық ғалымдары машина жасау және агрокешен сияқты халық шаруашылығы салаларына арналған технологияларды ұсынады. Жас ғалымдар әртүрлі өнімдерге қорғаныс жабындарын жабу мақсатында жұмыс істейді. Машина жасау өнімдерінің тозуға төзімділігін арттырып, металды коррозиядан қорғау әдістерін ойлап табады.

Ғалымдар өздерінің ғылыми жобаларының арқасында мектептердің, балабақшалардың, балаларды түзету және оңалту мекемелерінің білім беру ортасына инклюзивті тәсілдерді енгізуде. Осылайша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалары бар отбасыларға қолдау көрсетеді.

«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау жөніндегі құзыреттер орталығы» коммерциялық жобасын да атап өтпеске болмайды. Жоба ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтудың және дамытудың жаңа техникалық құралдарын әзірлеуге қатысты қолданбалылығы тұрғысынан маңызды. Жоба шеңберіне ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамыту және әлеуметтендіру бойынша білім беру және консультациялық қызметтер, авторлық әдістемелік құралдар, психолог-дефектологтың кәсіби үстелі, вертикализатор, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған парта кіреді.

Университет базасында әртүрлі бейіндегі ғылыми зертханалар, ғылыми-зерттеу орталықтары және Start UP академия жұмыс істейді. Start UP академия алаңында өңір кәсіпорындарының базасында іс жүзінде орындалуға дайын білім беру, туризм, экономика, ара шаруашылығы, IT-технологиялар және химия саласындағы студенттердің, магистранттардың, докторанттардың 30 жобасы іске асырылуда.

Бүгінде С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті – іргелі және қолданбалы ғылымды дамытушы орталық. Мұнда еркін ойлы, шығармашыл жас ғалымдар тың жаңалықтар мен инновацияларды әкелу жолында жемісті еңбектенуде. Олар аймақ пен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді.