1 февраля 2024


ҰЛТТЫҚ ЛИГАНЫҢ ШЕБЕРЛЕРІ

Павлодар қаласында Ұлттық лига шеберлерінің әйелдер командалары арасында волейболдан Қазақстан Республикасының 32-нші Чемпионатының 3 туры аяқталды. Турнирде шығысқазақстандық «BEREL» командасы сәтті ойнауда. Бұл команда сапында С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың екі студенті бар. Олар байланыстырушы Раянна Дюсенбаева мен орталық қорғаушы Сәния Балағазинова. Қыздар өнер көрсететін команда қазір екінші орында келеді.
«BEREL» волейбол клубы 2023 жылы құрылған. Команда атауы шығысты басып өтіп жатқан Бұқтырма өзенінің саласы Берелмен байланысты қойылған. Бұған дейін бойжеткендер «Алтай» сапында ойнады.


– Кәсіби спорт пен оқуды бірге алып жүру біршама қиын, – дейді Сәния Балағазинова. – Дегенмен, сабағымызды оқып, тапсырмаларды орындап отырамыз. Қосымша сабақтарға да қатысамыз. Қазір келесі тур басталғанша бос уақыт бар. Осы кезде үлгеріп қалуға тырысамыз. Көбірек білімге ден қоямыз.


Бойжеткеннің айтуынша, биылға қарқындары жаман емес. Десе де тоқмейілсуге келмейді. Келесі кезең ақпан айында Петропавлда өтеді. Басты қарсыластарымыз — алғашқы төрттік: “Қуаныш”, “Тұран”, “Жетісу” мен “Алматы”.


Қыздар «Дене шынықтыру және спорт мамандығында оқиды. Сәния төртінші, Раянна үшінші курстың білім алушысы. Оқуды аяқтағаннан кейін спорт саласында білікті маман атанбақ.