28 Ақпан 2024


«ҚҰТҚАРУШЫ-2024»: ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДА ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ЖАРЫС ӨТТІ

Жыл сайын С. Аманжолов атындағы ШҚУ қабырғасында Дүниежүзілік азаматтық қорғау күніне арналған «Құтқарушы» ауқымды қалалық әскери-спорттық мерекесі өтеді. Жарысқа Өскемен қаласының «Айбын», «Сұңқар», «Қорғау», «Арыстан», «Жігер», «Бірлік», «Арлан» әскери-патриоттық бірлестіктерінің оқушылары және Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Қабанбай батыр атындағы әскери кафедрасының командасы қатысты.


Алты кезең бойы қатысушылар жеңіске деген ерік-жігерін байқатты. Бірінші бес минуттық кезең алғашқы әскери дайындық бағдарламасының бөлімдері бойынша кроссворд шешумен басталды. Екінші кезеңде жасөспірімдер Азаматтық қорғаныс элементтерімен әскери-спорттық эстафетада бақ сынасты. Содан кейін қатысушылар спорттық жарыстарда бақ сынады. Бүкіл командамен арқан тартты. Команданың әрбір қатысушысы іс жүзінде тыныс алу органдары мен теріні қорғау жеке құралдарын пайдалану, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі нормативтерді орындады.

Сондай-ақ, жас құтқарушылар пневматикалық мылтықты құрастыру және бөлшектеу бойынша өз шеберліктерін сынады. Сонымен қатар, барлық қатысушылар алғашқы медициналық көмек дағдыларын байқатты. Дәлірек айтсақ, аяқ сүйектерінің сынуына көмек көрсетуі керек болды, сонымен қатар науқасты А нүктесінен В нүктесіне дейін тасымалдау керек еді.

Бірінші орын үшін таласта командалардың қатысушылары білімділіктерін, дене шынықтыру және әскери дайындықтарын көрсетті.


Дегенемен «Құтқарушы – 2024» байқауының қорытындысы бойынша бірінші орынды «Сұңқар» әскери-патриоттық бірлестігінің №29 орта мектебінің командасы иеленді. Екінші орынды «Алаш» әскери-патриоттық бірлестігінің №4 орта мектебінің командасы алды. Ал, үшінші орынды №35 орта мектебінің «Арлан» әскери-патриоттық бірлестігінің командасы қанжығалады.


Әскери-спорттық мерекенің барлық қатысушылары грамоталармен марапатталды, ал жүлделі орындарға ие болған командаларға ақшалай сертификаттар бұйырды.