18 Наурыз 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҰЛТТЫҚ КИІМ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да Наурыз тойлау онкүндігі жалғасуда. Бүгінгі 18 наурыз, ұлттық киімдерге арналған. Бұл мейрам – ұлттық ерекшелікті киім арқылы білдіріп, ел бірлігі мен мәдени өмірінен мысал көрсетеді.

Наурызнама аясында ЖОО-ның ұжымы мен студенттері сәнді киім киіп, оюлы, қанық түсті бояулармен көзге түсті. Таққан әшекей бұйымдары да көздің жауын алады.

– Бүгін біз тек Наурызды тойлап қана қоймай, ұлттық кодты дәріптеп, қазақ халқының бай, терең тарихынан сыр шертеміз. Онкүндіктің ең ерекше күні деуге болады, – дейді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Ұлттық киім күнін тойлау кезінде университет қабырғасы ән мен жырға толды. Студент жастар домбырада ойнап, әйгілі «Қара жорға» биін биледі. Одан бөлек, қонақтарға ыстық, дәмді бауырсақ пен құрт беріліп, сүт қатқан шай ұсынылды. Ал, магистрант Айжан Үмбетова эко-ұлттық бұйымдар авторлық стартап жобасын көрермен назарына қойды.

– Мен бас киімдерді, сөмкелерді, әшекей бұйымдар мен төсек жабдықтарын ұлттық стильде қолдан жасаймын. Әр бұйымды бастамас бұрын оның мәнін зерттеп, ою-өрнектің этимологиясына үңілемін. Киелі мәдениетімізге осылай өз үлесімді қосамын деп есептеймін, – дейді шебер.

Тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Қалимолдина атап өткендей, ұлттық киімдер үшін әрқашан былғары, жүн, киіз, мата, асыл тастар мен металдар яғни, табиғи материалдар қолданылған. Ондай заттардан жасалған бұйымдар жайлылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, бұйым иесінің байлығы мен мәртебесін білдірген.
Қазір ұлттық киімді заманауи үлгіге бейімдеген жастарды көп көруге болады. Студенттер киімдерінде неғұрлым қазақи элементтерді қолдануға ұмтылады. Осылайша, этно-тренд дәстүр мен тарихи ерекшеліктің өзінше сақталуына ықпал етеді.