10 сентября 2024
АДАЛДЫҚ САҒАТЫ: ШҚУ ЖАСТАРЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің өкілдері білім алушыларға «Адалдық – адамзаттың бейнесі» атты «Адалдық сағатын» өткізді. Шараға ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген, ШҚО Жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы, генерал-майор Денис Шакенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ШҚО бойынша департаментінің алдын алу басқармасының басшысы Архат Бейсембаев, аға-офицер Гүлнұр Бекбаева және оқытушылар мен студенттер қатысты.
-Жыл сайын Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында мемлекеттік ұйымдар мен қоғамның алдына жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуға қатысты келелі мәселелерді қойып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында университетіміз жастарға дұрыс құндылықтарды насихаттауда. Бүгін де адалдықты үндеуге жиналып отырмыз, -деді Мұхтар Әділбекұлы.
Шара аясында, департаменттің 10 жылдығына орай ШҚУ студенттері арасында өткен бейнелеу өнері байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқаудың мақсаты — жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, әділдік пен ашықтықты насихаттау. Комиссия мүшелері 86 шығармашылық жұмысты қабылдады. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен 100 000, 75 000 және 50 000 тенге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуға қосқан үлестері үшін студенттер мен оқытушылар, сондай-ақ Денис Шакенов Қабанбай батыр төсбелгісімен марапатталды.
— С.Аманжолов атындағы ШҚУ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментпен тығыз жұмыс істеуде. Студент жастардың арасында біздің ұйымның мәртебесі артуда. Ал осы университет түлектері сауатты әрі кәсіби қызметкерлердің қатарын толықтырып отыр. Сондықтан біз де мамандарды жұмыспен қамтып, мол тәжірибе беруге дайынбыз, — деді генерал-майор Денис Шакенов.
Шара соңында жемқорлыққа қарсы студенттермен бірге ашық алаңда ой бөлісіп, фото-челлендж ұйымдастырылды.