15 Қыркүйек 2023


ДУШАНБЕДЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ РЕКТОРЛАРЫНЫҢ II ФОРУМЫ ӨТТІ

Тәжікстанда, Душанбе қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бесінші консультативтік кездесуі аясында Орталық Азия елдері жоғары оқу орындары ректорларының II форумы өтті. Шараға Орталық Азия елдерінің білім министрлері мен Тәжікстан, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстанның жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті атынан Стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Ирина Ровнякова барды.
Кездесу барысында қатысушылар ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Тәжікстанның жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды. Бұдан былай университет Сотима Улугзода атындағы Тәжік халықаралық шет тілдер университетімен, Денаус Кәсіпкерлік және педагогика институтымен және Шириншох Шотемур атындағы Тәжік аграрлық университетімен тығыз жұмыс істейтін болады. Ынтымақтастық қос диплом бағдарламасын, академиялық ұтқырлықты және бірлескен ғылыми жобаларды қамтиды.