«Абайтану» ғылыми-зерттеу институты

«Абайтану»

ғылыми-зерттеу институты

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 2020 жылдың 1 қыркүйегінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің жанынан Басқарма төрағасы – ректор, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлының бастамасымен «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ашылды.

Абайтану» ғылыми-зерттеу институтын ашу жұмыстарына С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымы үлкен дайындықпен келді. Көп жылдар бойы университет ғалымдары Абай мұрасын зерттеп, жас ұрпаққа таныту, насихаттау мақсатында ғылыми-танымдық, әдістемелік еңбектер жазып, облыс, республика, халықаралық деңгейде үлкен іс-шаралар өткізіп келеді. Облыс, республика көлемінде мектеп ұстаздары мен оқушыларына, студенттер мен жас ғалымдарға, кітапхана, өнер саласындағы мәдени және мемлекет қызметкерлеріне абайтану саласынан ғылыми-әдістемелік кеңестер беріп, бүгінде Шығыс Қазақстан өңіріндегі ғылыми-рухани орталыққа айналды.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Шығыс Қазақстан облысының барлық мектептеріне 5-8 сыныптарына «Абайтану» курсы енгізілген болатын. Университет ғалымдары ШҚО Білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығымен бірлесе отырып, аймақтық «Абайтану» оқу бағдарламасын және  «Абайтану» курсы бойынша «Мұғалім кітабын» құрастырып жазды. Бүгінгі күнде облыс мектептері бұл бағдарламаларды қолданысқа енгізіп, пайдаланып отыр.

2020 жылы 9 желтоқсанда алғаш рет Жоғары оқу орындарының оқытушылары арасында «Абай шығармашылығын оқытудың үздік моделі» атты Республикалық кәсіби байқау ұйымдастырды. Жыл сайын мектеп оқушылары арасында «Абай оқулары» байқауын өткізеді. ШҚО және республиканың орта мектеп пен колледж мұғалімдеріне арналған «Абайтану пәнін оқыту» атты курстар өткізіп келеді.

Абайдың шығармашылық мұрасын жан-жақты насихаттау мен танымалдандыру мақсатында ғылыми монографиялар, ғылыми еңбектер мен жинақтар, оқу-әдістемелік құралдар даярлап, оны барлық білім алушылар мен көпшілік қауымға ұсыну жұмыстарын жүзеге асырып отыр.

«Абайтану» ғылыми-зерттеу институты 6 бағытта жұмыс істейді.

  • «Абай және әлемдік руханият»,
  • «Абай және ХХІ ғасырдағы ғылым-білім»,
  • «Абайтану және оқыту мәселелері»,
  • «Абай және Толық адам»,
  • «Абай және парасат жолы»,
  • «Ұлы Абайды ұлықтау».

Бүгінгі жастарға тағылым беруде жөн сілтер тәрбие жұмыстарын Абайдың «Толық адам» іліміне негіздеп, сол мақсатта «Дананың сөзі – ақылдың көзі»,  «Абайдың толық адам ілімін оқыту» атты оқу құралы, «Жаңа ғасырдағы Абайдың «Толық адам» тағылымы» атты монографияларын жариялады.

Мақсаты
  1. Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын жан-жақты насихаттау мен танымалдандыру мақсатында кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу.
  2. Университеттің ғылыми-әдістемелік әлеуетін арттыру мақсатында абайтану саласында республикалық, халықаралық деңгейде ғылыми-әдістемелік жұмыстар ұйымдастыру.
  3. Университеттің оқу-тәрбие жұмысына, білімгерлердің рухани ой дүниесіне, адамгершілік мәдени өмірлеріне Абайдың «Толық адам» тұжырымын пайдалану.

Ғылыми-зерттеу: филология, философия, тарих, педагогика, психология, музыка, өнер, этнопедагогика, мәдениеттану, әдебиетану, тіл білімі, түркітану, шығыстану, құқық және қоғамдық ғылымдар салаларында кешенді пәнаралық зерттеулер жүргізеді.

Ғылыми-зерттеу тәжірибесінде әдеби-мәдени, тарихи, архив мұраларын зерттеу мен сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.

Институттың ғылыми-зерттеу жұмысы Алматы қаласындағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен; Абай атындағы ҚазҰПУ «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығымен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Абай» институтымен, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Абай» академиясымен, Түркиядағы Эге университетімен, Фырат университетімен, Польшаның Свече қаласындағы Техникалық-лингвистикалық университетімен, Қазан федералды университетімен, Шәкәрім университетімен, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығымен, аймақтың  ғылыми-білім беру мекемелерімен, кітапхана, музей, мәдени мекемелермен тығыз байланыста жүзеге асырылады.

Ағартушылық: Институттың құрылымдық бөлімшесі ШҚУ кітапханасы арқылы жүзеге асырылады.

Негізгі жұмыс түрлері: тақырыптық көрмелер, экспозициялар, кеңестер, дәрістер, семинарлар, конференциялар, экскурсиялар, әдеби кештер болады.

Білім беру: факультеттер мен кафедралардың оқу-әдістемелік жұмысы мен гуманитарлық мамандықтар бойынша білім алушылардың оқу іс-тәжірибелерін, ғылыми зерттеу тәжірибелерін ұйымдастыру мақсатында Институт әрекеті базалық болып табылады.

— «Абайтану» арнайы курс пен семинар сабақтарын өткізудің бағдарламасын; оқулығын; хрестоматиясын; арнайы библиографиялық көрсеткішін жасау бағытында жұмыс жүргізу.

— «Абайтану» арнаулы курсын педагогикалық мамандықтарда оқыту.

— «Абайтану» оқулықтарын жыл өткен сайын жаңғыртып, жетілдіріп, толықтырып отыру.

— Абай мұрасын мектеп пен жоғарғы оқу орындарында оқытудың бағдалрамасын, оқулығын жасау.

— Күнделікті баспасөзде жүйелі түрде ғылыми, әдістемелік мақалалар жариялап отыру.

— Теледидар, ақпараттық желілер арқылы арнайы сұхбаттар, дөңгелек үстелдер, интервьюлер және ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп отыруды дәстүрге айналдыру.

— Мектептер мен жоғары оқу орындарында «Абайтанудан» дәрістер оқу;

— Мектеп мұғалімдеріне арналған «Абайтану» курсын ұйымдастырып тұру; 

— Абайдың «Толық адам» ілімін іргетас ретінде қолдану жолында ғылыми ізденістерге жол ашу және осы салада арнайы ғылыми насихаттар жүргізуді қолға алу.

Біздің команда

"Толығырақ көру үшін аты-жөніне басыңыз"