3 Қазан 2023


«ЭКОЛОГИЯДАҒЫ МАТЕМАТИКАЛЫҚ МОДЕЛЬДЕР ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Amanzholov University-да академик Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлының 70 жылдық және РҒА-ның академигі Шокин Юрий Ивановичтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Экологиядағы математикалық модельдер және ақпараттық технологиялар» халықаралық конференциясы өтті.

 

Шараға ҚР ғылыми және технологиялық ұйымдары қауымдастығының атқарушы директоры Ернар Иманғалиев, Альберт Людвиг атындағы Фрайбург университетінің профессоры Чоймаа Дуламсурен, Алтай мемлекеттік университетінің Теориялық кибернетика және қолданбалы математика кафедрасының аспиранты Иван Рябов, сонымен қатар ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысты. Бағдарлама университет ғалымдарының ғылыми-технологиялық жобаларының көрмесінен басталды. Оқу орынына келген қонақтар камералық оркестрдің музыкалық сүйемелдеуімен ғылыми кадрлардың басты жетістіктерімен танысты. ШҚУ ғалымдары ауыл шаруашылығы, материалтану, цифрландыру, табиғатты пайдалану және экология саласындағы инновациялық әзірлемелерін көрсетті.

 

Халықаралық конференция барысында ректор Мұхтар Төлеген психология ғылымдарының кандидаты Елена Барабанованы ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін медалімен марапаттады. Педагогика ғылымдарының кандидаты Наталья Бенеш, филология ғылымдарының кандидаты Светлана Федосоваға, физика-математика ғылымдарының кандидаты досым Ерболатұлына және PhD докторы Жазира Мұқажановаға Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрмет грамоталары табысталды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының Алғыс хатымен PhD докторы Қыдырмолла Ақатан марапатталды.

 

Сонымен қатар университеттің мерейтойлық медалімен ШҚУ-дың алтын түлектері: О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінің педагогы Қадрыбек Демчинов, Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Рүстем Тюлюбергенев және Кәкен Аханов атындағы орта мектептің педагогы Ерасыл Мұхаметқалиев марапатталды.

 

Жиын аясында германиялық профессор Чоймаа Дуламсурен – «Ішкі Азияның оңтүстік бореалдық ормандарының өміршеңдігі мен өнімділігіне климаттың өзгеруінің әсерін есептеу» тақырыбында; АлтМУ өкілі Иван Рябов – «GLOBIOM жерді пайдалану динамикасының моделін өзгерту ерекшеліктері»; ал С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың қауымдастырылған профессоры Мұратқан Мадияров – «Қазақстан қалаларының атмосферасының ластануын талдау және болжау үшін машиналық оқыту әдістерін қолдану» тақырыбында баяндамаларын оқыды.