8 Қаңтар 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАППАЙ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДА

ШҚУ студенттері туризмді дамытуға және елдің ерекше орындарын насихаттауға бағытталған инновациялық жобаны жүзеге асырды. Альмира Айдарқанова, Аяулым Нұрбек және Ксения Троеглазова шетелдіктерге Қазақстанды таныстыруда үстел ойындары мен Lapbook дидактикалық құралдарын пайдалануды ұсынады.

Мәселен, «Қазақстан» үстел ойындары дәстүрлі ұлттық элементтерді негізге алған. Соның арқасында мемлекетіміздің тарихы мен мәдениетінен мол мағлұмат алуға болады. Адамның есте сақтау қабілеті мен қырағылығын арттыруды көздеген ойынның ережесі үш тілде берілген.


Ал, Lapbook – мемлекеттік рәміздер, ел аумағы, фаунасы мен флорасы, ұлттық киімдер, тағамдар, ою-өрнектер мен музыкалық аспаптар туралы бөлімдері бар интерактивті папка. Әзірлемеде ұлттық тағамдарды қалай дайындауды көрсететін және қазақша әндерді қалай айту керектігі түсіндірілген QR-код арқылы істейтін функция бар.


Стартап авторларының айтуынша, әзірлеген жоба қазақстандықтардың патриоттық санасын оятуға және шетелдіктердің Қазақстанға деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді.