26 апреля 2024
ШҚУ-ДА ОҚУШЫЛАР ҒЫЛЫМЫ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ
Шала туған нәрестелерге арналған ойыншықтар мен киімдер, портативті ағаш күйдіргіш, бірегей биотыңайтқыш, жол қауіпсіздігіне арналған баланың моделі – бұл дәстүрлі мектеп оқушыларының ғылым фестивалінде ұсынылған жобалардың аз ғана бөлігі. Жыл сайын С.Аманжолов атындағы ШҚУ ұйымдастыратын үш күндік фестивальде биыл өңірдің түкпір-түкпірінен келген оқушылар 67 ғылыми жоба ұсынбақ.
— Мектеп оқушыларының ғылым фестивалі – бұл ғылымды өскелең ұрпаққа насихаттаудың негізгі жобасы. Университет ел дамуының игілігі үшін мектеп оқушыларын ғылыми зерттеулер мен жаңалықтарға белсенді түрде тартады. Бүгінде жас ғалымдар үшін барлық жағдай жасалған, оларға авторлық жобаларына гранттар бөлініп, ғылыми байқауларда ақшалай сертификаттар беріледі. Сіздерде бәрі алда, — деді Басқарма төрағасының орынбасары-Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровнякова.
Алғашқы күні кішкентай ғалымдар университеттің ғылыми қызметкерлеріне өздерінің авторлық өнертабыстарын ұсынды. Соның бірі — жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шағылыстырғыш ленталары бар контурлы бала моделі. Үшем Елизавета, Вероника және Екатерина Поляковтар жол полициясы өкілдеріне өз жобаларын таныстырып үлгерген. Соның арқасында олардың пилоттық үлгілерін Лихарев көшесі мен Абай даңғылының қиылыстарына орнатқан.
Фестиваль қатысушысы Вероника Шакалова Ярослав Степкинмен бірге ай-күні жетпей туған балаларға арналған арнайы ойыншықтар мен киімдер әзірлеген. Балалардың айтуынша, тоқыма бұйымдары медицина қызметкерлерінен алынған ұсыныстарды ескере отырып жасалған.
— Жаңа туған нәрестелер тыныс алу түтіктеріне тиіспеу үшін біз кальмар мен сегізаяқ түрінде, жұмсақ етіп жасадық. Ал жүннен дайындалған киімдердегі арнайы орындар өкпенің жасанды тыныс алуына арналған, — дейді жоба авторлары.
Ал, Данил Нифантов үй жағдайына арналған портативті ағаш күйдіргішті жасаған. Оған автомобильдің аккумуляторын қолданған. Мұндай күйдіргіш құрал ұзақ уақыт тоқтаусыз жұмыс істей алады. Ал арнайы шамның арқасында қараңғы уақытта да трафареттермен күйдіруге болады. Жобада ағаштан жасалған трафареттер мен ағашты күйдіруді үйретуге арналған нұсқаушы құрал бар.
Қызықты жобаның бірін егіздер Владислав пен Ростислав Квиндттер таныстырды. «Паремии на основе зоонимов и фитонимов» атты зияткерлік ойын қазылар көңілінен шықты.
Пластикалық бөтелкелерден жасалған ұлттық стильдегі жиһаз, спирулинадан жасалған биотыңайтқыш пен әйелдерге арналған авторлық қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдары көрерменді таңғалдырды.
Алда фестивальдің екінші күні, орта буын оқушылары өздерінің бірегей ғылыми әзірлемелерін таныстырады. Фестиваль соңында өңірдің ең үздік жас ғалымдары анықталады.