2 декабря 2024


АЛТАЙ АМАНЖОЛОВТЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҚОРЫТЫНДЫ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының және Академик Б.Мамраев атындағы ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен ф.ғ.д., профессор Алтай Аманжоловтың туғанына 90 жыл толуына орай «А.Аманжоловтың ғылыми ғұмыры және қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» атты ғылыми-әдістемелік семинары өтті.

— Биыл тілтанушы-түркітанушы, ғалым-этнограф Алтай Сәрсенұлының 90 жылдығын атап өткен ауқымды іс-шара әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ден басталып, басқа да жоғары оқу орындарында, Түркиядағы Стамбул университетінде де өтті. Халықаралық ғылыми әдістемелік семинар бүгін Аманжолов университетінде қорытындыланып отыр, — деді қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айгүл Алимхан.

Алтай Аманжолов филология ғылымдарының төрт докторын, он сегіз кандидатын дайындаған ғалым. Бүгінгі таңда әлемнің әр түкпірінде шәкірттері абыройлы қызмет етуде. Солардың бірі Стамбул университетінің профессоры Ораз Сапашев «Алтай Аманжолов – Шығыс Қазақстан петроглифтерін зерттеуші ғалым» атты тағылымды баяндамасын оқыды.

— Алтай Аманжоловтың мерейтойына орай Стамбул униевристетінде де ғылыми-әдістемелік шаралар өтті. Қазақ лингивистикасының негізін салушы ғалымның еңбегі өте жоғары бағаланады. Ғылыми мұрасы жайлы жазылған ғылыми еңбектер көп. Бүгін тек ұзтазым ретінде жылы естеліктермен бөлісіп отырмын, — деді Ораз Сапашев.

Білім алушылар мен профессорлық-оқытушылар құрамы назарына С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың кітапхана қорындағы А.С.Аманжоловтың ғылыми мұрасы мен ғалымның өмірі мен шығармашылық жайлы еңбектер көрмесі ұсынылды. Академик Б.Мамраев атындағы ғылыми кітапхананың жетекші кітапханашысы кітапхана қорындағы А.С.Аманжоловтың ғылыми мұрасы мен ғалымның өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған еңбектермен таныстырып өтті.