9 декабря 2024


«ТӘРТІПТІ ӨЗІҢНЕН БАСТА»: ШҚУ-ДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынысымен жыл сайын 10 желтоқсанда атап өтілетін Адам құқықтары күніне орай студенттермен мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты-жас ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті дамыту.

Кездесудің құрметті қонақтары ретінде заңгерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлері шақырылды.

Олар студенттерге қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері, жол қозғалысы ережелері, сондай-ақ қорқыту (буллинг) мәселесі туралы айтты.

Ерекше назар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік мәселесіне аударылды. Мамандар Қазақстанда бұл жауапкершіліктің 14 жастан басталатынын атап өтті.

— Бұл туралы білу және есте сақтау өте маңызды, себебі қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайда, бұл деректер құқық қорғау органдарының ақпараттық жүйелерінде сақталады. Мұндай ақпарат оқу орындарына түсу немесе жұмысқа орналасу кезінде ескерілуі мүмкін. Ал бұл адамның болашағына әсер етуі ықтимал, — деп атап өтті Өскемен қаласы Полиция басқармасы Ертіс бөлімінің бастығының орынбасары Асхат Сыбанғалиев.

Кездесу соңында студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшеліктері мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат алды.