13 декабря 2024


“ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫМ” ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ КЕШІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде  “Тәуелсіздік – тұғырым” атты тарихи-танымдық кеш ұйымдастырылды. Бұл іс-шара Тәуелсіздік күні қарсаңында студенттер мен оқытушылар қауымын бір арнаға тоғыстырды.

Кеш барысында Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлім жетекшісінің орынбасары Бақдәулет Мұхитдинұлы “Желтоқсан оқиғасы жаңа бетбұрыстың бастамасы” тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ол баяндамасында желтоқсаншылардың ерлігі мен сол кезеңдегі жастардың батылдығы туралы айта отырып, қазіргі жастарға тәуелсіздіктің маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, жастарды білім алып, өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Жанетта Амангелдіқызы өз сөзінде Желтоқсан оқиғасының тарихи рөліне тоқталып, осы оқиғалардың куәгері болған азаматтардың тағдыры туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ол жастарға жүрекжарды тілегін білдіріп, олардың бойындағы патриотизмді дамытуға бағытталған осындай шаралардың маңызын ерекше атап өтті.

Кештің екінші бөлімінде “Шабыт” студенттер театры өнер көрсетті. Театр мүшелері Желтоқсан көтерілісі тақырыбындағы қысқа қойылым мен өлеңдер орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Іс-шара патриоттық әндер мен өлеңдермен жалғасып, қатысушылардың рухын көтерді.

Мұндай іс-шаралар студенттерге еліміздің тарихын тереңірек түсінуге, Тәуелсіздік құндылықтарын бағалауға және патриоттық сезімді нығайтуға зор ықпал етеді.