13 марта 2025


ШҚУ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ҚЫРҒЫЗ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІНЕ ІС-САПАРМЕН БАРДЫ

«Orhun» академиялық алмасу бағдарламасы аясында Amanzholov University-дің экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының сениор-лекторлары Динара Мамырбекова мен Ержан Домалатов «Манас» қырғыз-түрік университетінің туризм факультетінде болды. Сапар барысында олар факультет деканы, PhD, профессор Ясин Бойлу және декан орынбасары, PhD, Нарынгуль Маргазиевамен кездесті.

Айта кетейік, «Манас» университетінің туризм факультеті 2007 жылы құрылып, бастапқыда туризм және қонақ үй ісі мектебі ретінде жұмыс істеген. Бүгінде факультет туризм және қонақ үй менеджменті, туристік кәсіпорындар мен экскурсиялық қызметті басқару, сондай-ақ қоғамдық тамақтану менеджменті бағыттары бойынша білім береді.

Факультетте оқу үдерісі теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларды ұштастыра отырып ұйымдастырылады. Сабақтар заманауи компьютерлік аудиторияларда өтеді, ал студенттер тәжірибелік дағдыларын аспаздық, сервис, бар зертханаларында және оқу қонақ үйінде жетілдіреді. Бұл олардың туризм индустриясында табысты мансап құруына қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда факультетте жеті елден келген 80-нен астам шетелдік студент білім алуда. Бұл халықаралық ортаның қалыптасуына ықпал етіп, жастар арасында мәдени алмасу мен ынтымақтастықты нығайтады. Студенттер университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысып, толеранттылық пен халықаралық серіктестікті дамытуға өз үлесін қосуда.