14 марта 2025


«КӨРІСУ – НАУРЫЗДЫҢ БАСТАУЫ» МЕРЕКЕЛІК КЕШІ

14 наурызда қазақстандықтар ежелден келе жатқан Көрісу күнін атап өтеді. Бұл күн жаңа жылдың басталуы. Осыған орай, Amanzholov University қабырғасында «Көрісу – Наурыз бастауы» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Шара тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Амангелдіқызының алғы сөзінен басталды.

– «Наурызнама» онкүндігінің алғашқы күні – Көрісу күні. Бұл – халқымыздың бір-біріне ізгі тілек арнап, амандық-саулық сұрасатын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ерекше дәстүрі. Қазіргі таңда адамдар бір-біріне әлеуметтік желілер арқылы құттықтау жолдайды. Алайда көзбе-көз көрісіп, шынайы ықыласпен жылы сөз айту әлдеқайда маңызды, – деп атап өтті проректор.

Мерекелік кеш барысында көрісу дәстүрі көрсетіліп, студенттер халқымыздың салт-дәстүрлеріне арналған көріністер қойды. «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының екінші курс студенттері қазақтың өмірлік кезеңдеріне қатысты «Сүйінші», «Тұсау кесу», «Қыз ұзату» дәстүрлерін сахналық қойылымдар арқылы көрерменге ұсынды.

Кештің мәдени бағдарламасы ұлттық өнермен өрнектелді. Студенттер әсем әндер орындап, мың бұралған бишілер қазақ биін тарту етті. Сондай-ақ, ұлттық ойын «Арқан тарту» ұйымдастырылып, қатысушылар белсенді түрде қатысты.

Мерекелік шара соңында жиналған қауым «Наурыз-көктем» әнін тамашалап, Наурыз мейрамының құндылықтары мен ұлттық бірліктің маңыздылығын тағы бір мәрте сезінді.

Бұл күн – халқымыздың береке мен бірлікке бастайтын ұлттық дәстүрлерін жаңғыртатын игі бастама болды.