14 марта 2025


ШҚУ-ДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА ӨҢІРЛІК ПӘНДІК ОНЛАЙН-ОЛИМПИАДА ӨТТІ

Amanzholov University-де мектеп оқушылары арасында «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» пәні бойынша өңірлік пәндік онлайн-олимпиада өтті. Байқауға Шығыс Қазақстан облысы, Абай облысы және Алматы қаласынан 10 команда қатысты. Олимпиаданы ұйымдастырушылар – Жоғары ақпараттық технологиялар және жаратылыстану ғылымдары мектебінің экология және география кафедрасының аға оқытушылары Гүлфат Калелова мен Серік Бакин.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде оқушылар тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау бойынша 40 сұрақтан тұратын тест тапсырды. Екінші кезеңде өз ғылыми жобаларын қорғады.

Өңірлік пәндік онлайн-олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды: бірінші орынды Абай облысы, Қалбатау ауылы, КММ «Георгиев орта мектебі» командасы (94 ұпай) иеленді. Екінші орынға КММ «Шынқожа батыр атындағы жалпы білім беретін орта мектеп» (Абай облысы, Аягөз ауданы) командасы (89 ұпай) лайық деп танылды. Үшінші орын Алматы қаласы, №42 жалпы білім беретін мектеп командасына (87 ұпай) бұйырса, төртінші орынды Ұлан ауданы, «Балғын негізгі орта мектебі» (86 ұпай) командасы иеленді.

Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. «Тіршілік қауіпсіздігі бойынша үздік команда» номинациясын Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектеп командасы жеңіп алды. «Қоршаған ортаны қорғау бойынша үздік команда» номинациясы Өскемен қаласы, №35 орта мектеп командасына берілді. Ал «Үздік аналитик команда» номинациясын Абай облысы, Семей қаласы, №32 орта мектеп командасы иеленді.

«Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» пәні бойынша өткен өңірлік пәндік онлайн-олимпиада – күнделікті өмірде және төтенше жағдайларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті білім мен дағдыларды бағалауға бағытталған маңызды шара. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, логикалық ойлау қабілетін және күрделі жағдайларда әрекет ету дағдыларын көрсетті.