15 марта 2025


ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КҮНІ: ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ

Бүгін «Наурызнама» онкүндігі аясында Қайырымдылық күніне орай Amanzholov University-дің студенттері Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, қазыналы қарттар үшін мерекелік концерт өткізді.

Шара С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың физика және технология, сондай-ақ математика кафедраларының ұйымдастыруымен өтті. Басты мақсат — аға буынға құрмет көрсету, оларға бақыт пен денсаулық тілей отырып, мерекелік көңіл-күй сыйлау.

Қазіргі таңда бұл орталықта 100-ден астам қарт тұрады. Мерекелік концерт барысында студенттер әсем әндер шырқап, гитара мен домбырада өнер көрсетті. Сонымен қатар, “Өңдеу өндірісі технологиясы” білім беру бағдарламасының студенттері арнайы ас әзірлеп, қонақтарға ұсынды.

Ата-әжелер көтеріңкі көңіл күйде би билеп, өз баталарын берді:

– Наурыз мейрамы қарсаңында бізге уақыт бөліп, дастархан жайып, керемет кеш ұйымдастырған студенттерге алғысымыз шексіз. Әндеріңіз бен ықыластарыңыз көңілімізді көтерді. Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп айтқандай, елдің болашағы – жастар. Алдағы уақытта үлкен маман болып, көк туымызды желбіретіп, ел намысын қорғай беріңдер,– деді қарттар үйінің қызмет алушысы Тұрсын Құсанова.

– Бүгін біз қарттарымызға құрмет пен қолдау көрсету мақсатында келдік. Оларға қуаныш сыйлау – біз үшін үлкен бақыт. Аға буынның үлгі-өнегесін ұмытпай, қоғам үшін атқарған еңбектерін әрдайым бағалаймыз, – деп бөлісті ШҚУ студенті.