31 марта 2025
ШЕМОНАИХА АУДАНЫНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ AMANZHOLOV UNIVERSITY ҚОНАҚҚА КЕЛДІ
Шемонаиха ауданының жоғары сынып оқушылары Шығыстағы ірі жоғары оқу орындарының бірі – С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ға экскурсия жасады. Шара барысында оқушыларға Бейбіт Мамраев атындағы ғылыми кітапханада орналасқан жаңа коворкинг орталықта кәсіби бағыт-бағдар берілді. Бүгінде кітапхана жұмыс істеуге ыңғайлы әрі көпфункционалды орталыққа айналған. Мұнда жалғыз отыруға арналған бұрыштар мен топтық жұмыстарға арналған ашық кеңістіктер бар.
– Университет өте кең, жайлы. Мен IT саласына маманданғым келеді. Бүгінгі кездесуде өзімізді қызықтырған сұрақтарға жауап алдық. Сонымен қатар, мен осы университет ұйымдастырған олимпиадаға қатысып, 4 жылдық білім грантын жеңіп алғанмын, – деді Шемонаиха ауданының «Зевакино жалпы орта білім беретін мектеп-балабақшасы» кешенінің оқушысы Алексей Хорёв.
Оқушылар ШҚО тарихи-өлкетану музейімен серіктестік аясында болашақ тарихшыларға жасалған мүмкіндіктермен танысты. Университет музейінің жетекшісі Назым Аманжолқызы студенттердің Шілікті, Берел, Ақбауыр археологиялық кешендерінде белгілі археологтармен бірге қазба жұмыстарына қатысу арқылы мол тәжірибе жинайтынын атап өтті.
– Мен «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасына оқуға түскім келеді. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың жетістіктері туралы жақсы білемін. Менің анам да осы университетте білім алған. Қазір маған бағыт беріп отырған жетекшім де осы жоғары оқу орнының түлегі. Сондықтан өз болашағымды дәл осы университетпен байланыстырамын, – деді Шәкәрім атындағы №4 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Евангелина Ильященко.
Шара соңында оқушылар тарихы терең оқу орнында экскурсия ұйымдастырып, кәсіби бағыт-бағдар беріп, қолдау білдірген университет ұжымына алғыстарын білдірді.