31 марта 2025
ШЕМОНАИХА АУДАНЫНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ «DANA BALA» ОРТАЛЫҒЫНА ЭКСКУРСИЯ ЖАСАДЫ
Шемонаиха ауданының Шәкәрім атындағы №4 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып оқушылары С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығына экскурсия жасады.
Оқушылар «Дарынды балалар» зертханасында мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған бірегей әдістемелермен танысып, тәжірибелі білім алушылармен түрлі ойындар ойнады. Сонымен қатар, «Дефектология» білім беру бағдарламасының студенттері 12 сәуір – Ғарышкерлер күніне орай балаларға ғарыш әлеміне қызықты саяхат ұйымдастырып, белсенділікті дамытатын ойындар өткізді.
ШҚУ-дың Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының студенттері осы зертханаларда іс-тәжірибе жинақтап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен тікелей жұмыс істеу мүмкіндігіне ие.
– Бүгін біз оқушыларға «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығын таныстырдық. Мұнда әзірленген дидактикалық материалдар арқылы балалардың ой-өрісін дамытатын тапсырмалар берілді. Сондай-ақ танымдық белсенділікті арттыру, зейін мен есте сақтау қабілетін дамытуға арналған әдістерді көрсеттік. Оқушылар үлкен қызығушылық танытып, барлық тапсырмалар мен ойындарға белсенді қатысты, – деді Amanzholov University студенті Дарья Снегирева.
Оқушылар жақында әзірленген баланс-жаттығу тақтасын қолданып, бұлшық ет, координация және тепе-теңдікті дамытуға арналған жаттығуларды орындап көрді. Алынбалы элементтердің арқасында бір баланс тақтасында 100-ден астам жаттығу түрі бар. Домалау подшипниктерін бекіту механизмі жеңілдетілген. Массаждық жабындысы бар сырғанамайтын ішкі табандармен қамтамасыз етілген.
– Қазіргі таңда инклюзивті білім беру саласы өте маңызды. Балалардың әлеуметтенуі – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бүгін біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің жаңа әдістерін, дидактикалық құралдарды қолдану ерекшеліктерін көрдік. Алдағы уақытта осы тәжірибені өз жұмысымда пайдаланамын, – деді Шәкәрім атындағы №4 жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Әлия Тұрпанова.
Оқушылар орталықтағы аппараттық психодиагностика және психокоррекция, сенсорлық интеграция және түзету зертханалары, логопедиялық кабинет және басқа да мүмкіндіктермен танысып, алған әсерлерімен бөлісті.
– Маған осы жоғары оқу орнындағы инклюзия кабинеттері өте ұнады. Мұғалімдер өте мейірімді, әрқайсымызға көңіл бөлді, – деді Шәкәрім атындағы №4 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Айша Бибі Дүсенай.
Айта кетейік, барлық балалардың білім алуына тең мүмкіндік беретін осындай бірегей орталық филиалы жақын күндері Шемонаиха ауданында ашылады