2 апреля 2025


ДҮНИЕ ЖҮЗІЛІК АУТИЗМ МӘСЕЛЕСІ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ТАРАТУ КҮНІ: СТУДЕНТТЕР ТҰРҒЫНДАРДЫ АҚПАРАТТАНДЫРДЫ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күнін атап өту аясында акция өткізді.

Бұл күн 2007 жылдың 18 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен белгіленген. Күннің негізгі миссиясы — халықты аутизм спектрінің бұзылыстары туралы хабардар ету және ерте диагностика жүргізудің маңыздылығын түсіндіру.

«Эргопедагогика» және «Ерте қолдау педагогикасы» білім бағдарламаларының екінші курс студенттері қала көшелеріне шығып, тұрғындарға аутизм спектрінің бұзылыстары туралы ақпарат берді. Жастар ақпараттық буклеттер таратып, инклюзивті қоғамды дамыту маңыздылығын түсіндірді.

— Біз әлемді мейірімділікке, түсіністікке шақырып жатқан студенттерімізбен мақтанамыз, — деді психология және коррекциялық педагогика кафедрасының меңгерушісі Малика Бекбаева.

Айта кетейік, “Болашақ” корпоративтік қорының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері Қазақстанда 15 мыңнан астам аутизм спектрінің бұзылысы диагнозы қойылған бала тіркелген.