3 апреля 2025


ШЕМОНАИХА АУДАНЫНДА “DANA BALA” ИНКЛЮЗИЯ КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ өкілдері Шемонаиха ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ашылған Шәкәрім атындағы №4 жалпы білім беретін мектепке барып, бірқатар жаңа білім беру орталықтарының ашылу рәсіміне қатысты.

Атап айтқанда, мектепте С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Білім ақпарат» кәсіби бағдар беру орталығы мен «Dana Bala» инклюзия кабинеті салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен аудан әкімі Дидар Кеңесбаев қатысты.

«Білім ақпарат» орталығының негізгі мақсаты – жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағыт-бағдар беру, мамандық таңдауға көмектесу.

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттілігі бар балалардың толыққанды білім алуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осы бағытта С.Аманжолов атындағы ШҚУ инклюзивті білім беруді дамытуды аудандарда да белсенді жүргізіп келеді.

Жаңадан ашылған «Dana Bala» инклюзия кабинеті ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілді. Орталыққа фонетикалық қабылдауды, зейінді арттыруға бағытталған тапсырмалар жиынтығы бар логопед үстелі, бұлшық ет қызметін дамытуға арналған баланс тақтасы, түрлі дидактикалық ойындар табысталды.

Айта кетейік, соңғы бес жылда Шемонаиха ауданынан С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ға 130 түлек оқуға түсіп, олардың 62-сі мемлекеттік грант иегері атанған.