4 апреля 2025


БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА: ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЛҒАН КИІЗ ҮЙЛЕР ТІГІЛДІ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті қазақ халқының салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын, қайсарлығын және қонақжайлығын дәріптеу мақсатында «Ұлы көш» шеруін ұйымдастырып, «Бір шаңырақ астында» атты салтанатты шара өткізді.

Университет аумағында қаз-қатар тігілген боз үйлер мерекелік шараның сәнін арттырды. Солардың қатарында ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және көрнекті ұстаз, әдебиетші Қанипа Бітібаеваның 80 жылдығына арнап арнайы құрылған киіз үйлер.

Шара барысында Абай Құнанбайұлы атындағы киіз үйде қазақ дәстүріне сай сәбидің тұсауы кесілді. ШҚУ Директорлар кеңесінің төрағасы Әмірхан Рахимжанов жас сәбидің тұсауын кесіп, ақжарма тілегін арнады. Дәстүрге сай, ұйымдастырушылар атынан құрметті қонаққа ұлттық шапан жабылды.

– Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының есімі берілген киіз үй ұлттық ою-өрнектермен безендірілді. Бұрын мұндай үлкен киіз үйлер тек құрметті қонақтар келгенде ғана тігілетін. Бүгін де осы дәстүрді жалғастырып, сән-салтанаты келіскен орданы тіктік. Себебі өңірдегі үздік жоғары оқу орыны ұлттық құндылықтарды бірінші орынға қояды,  – деді ұйымдастырушылар.

Қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қанипа Бітібаева атындағы киіз үйде ұлттық жәдігерлер қойылып, қазақы дастарқан жайылды. Ұйымдастырушылар киіз үйге бас сұққан қонақтарға ән ұсынып, қазақ әдебиетін оқытудың озық жүйесін қалыптастырған Қанипа Бітібаева жайлы ақпарат берді.

– С.Аманжолов атындағы Жоғары колледж ұжымы Қанипа Бітібаева атындағы киіз үй құрып, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеуде. Бүгінгі дүбірлі той өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ұлы дала мәдениетінің бай мұрасын кейінгі ұрпаққа көрсету – басты мақсатымыз, – деді жалпы пәндер оқытушысы Шырын Сұлтанбекова.

Шара аясында киіз үйлер маңында қазақтың дәстүрлі тағамдары әзірленді. Әсіресе, ерекше дайындау әдісімен технологиясы бар құрт қайнату барысы көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

– Ұйытылған сүтті тұз қоспай, баяу отта қайнатамыз. Қайнап жатқан құртқа сүрленген ет қосса, оның дәмі ерекше қанық болады. Ұзақ жылдар бойы бұзылмайтын құрт дәрумендерге бай. Ұлттық тағамымызды жастарға үйретіп, насихаттау мақсатында ашық алаңда әзірлеп жатырмыз, – деді Жоғары колледж оқытушысы Гауһар Рысбаева.