4 апреля 2025


НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНДА СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ ПЕН ЖҰМАШ УӘЛИЕВ АУЫЛДАРЫ БОЙ КӨТЕРДІ

Наурыз мерекесіне орай Amanzholov University тарихында ойып орын алған тұлғалар – Сәрсен Аманжолов пен Жұмаш Уәлиев есімдерін ұлықтау мақсатында арнайы киіз үйлер бой көтерді.

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, белгілі түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың құрметіне құрылған боз үйде арнайы көрме ұйымдастырылып, келген қонақтарға жан-жақты ақпараттар берілді.

— Сәрсен Аманжоловтың есімі – қазақ ғылымында алтын әріптермен жазылған, әрі университетіміз оның атын абыроймен жылдар бойы алып келеді. Ғалымның ұрпағы да кезінде осы университет қабырғасында қызмет атқарған, – деп атап өтті гуманитарлық ғылымдар Жоғары мектебінің деканы Слямбек Оразалин.

Мерекелік шараға шетелдік студенттер де үлестерін қосты. Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен келген студенттер ұлттық аспаптарда ойнап, өнерлерін паш етті. Әсіресе, Тәжікстаннан келген студенттер өз қолдарымен дайындаған чак-чак, казан-кебаб, курутоб, шир биринч сияқты ұлттық тағамдарын ұсынды.

– Біз бүгін Қазақстандағы Наурыз мейрамының бір бөлшегі болғанымызға қуаныштымыз. Университетте өткен барлық іс-шараға қатысып, қазақ халқының бай мәдениетімен етене таныстық. Бұл біз үшін ұмытылмас әсер мен эмоцияға толы күн болды, – деп бөлісті тәжістандық студент Орифчон Собиров.

Жұмаш Уәлиев есімі берілген ауылы көшін биыл IT және жаратылыстану жоғары мектебі арқалады.

— Біздің ауыл – атақты химик-ғалым, педагог, Өскемен педагогикалық институтын 25 жыл басқарған Жұмаш Кәрімұлы Уәлиевтің құрметіне арналды. Бұл тұлға жоғары мектебімізбен, нақты айтқанда химия кафедрасымен тікелей байланысты. Киіз үйдің сыртында ғалымның еңбектерінен арнайы көрме ұйымдастырылды, – деді IT және жаратылыстану жоғары мектебінің деканы Салтанат Адиканова.

Сонымен қатар, мерекеде кәріс ұлтының тағамдары мен ұлттық элементтермен өңделген заманауи бұйымдардың көрмесі өтті. Этно-кимоно үлгісіндегі киімдерге заманауи 3D элементтері үйлестіріліп, ұлттық нақыштағы киімдердің жаңа форматы таныстырылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.