17 октября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Облыстық жастар форумы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасындағы Еңбек мамандықтары жылына арналды және аймақ жастарының кәсіби бағдарлануын, еңбек нарығының сұраныстарына сай жаңа форматтағы мамандар даярлауды талқылауға бағытталды.

Форум жұмысына мемлекеттік органдардың, өндіріс және бизнес құрылымдарының, колледждер мен жоғары оқу орындарының, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Форум модераторы — университет ректоры Мұхтар Төлеген форумның маңыздылығын атап өтіп, оның еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімделген кәсіби кадрлар даярлау ісіндегі рөлін ерекше көрсетті:

«Еңбек мамандықтары жылы – мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін шешуші мәнге ие бастама. Біздің университет ұлттық жобаларды іске асыруда белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінгі мақсатымыз – студенттерге тек білім беру ғана емес, оларды кәсіби өмірге жан-жақты дайындау. Университет заманауи, мобильді, бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау ісінде өз миссиясын айқын анықтаған. Біз әріптестерімізбен ашық диалогта болуға және еңбек нарығының өзгерістеріне икемді жауап беруге дайынбыз», – деді Мұхтар Төлеген.

Сондай-ақ ол 20–23 қазан аралығында университет базасында өтетін форсайт-сессиялар туралы ақпарат беріп, оған білім беру, ауыл шаруашылығы, металлургия, энергетика және туризм салалары бойынша 100-ден астам сарапшы қатысатынын атап өтті.

Форум барысында қатысушылар аймақтың еңбек нарығындағы өзекті мәселелер мен жастардың кәсіби бағдарын жетілдіру жолдарын талқылады.

Күннің екінші бөлігі практикалық бағыттағы іс-шаралармен жалғасты.
Форум аясында қатысушылар үшін бірқатар тәжірибелік бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл алаңдар жастардың кәсіби дамуын, педагогтердің әдістемелік шеберлігін және басқарушылардың стратегиялық ойлау қабілеттерін арттыруға бағытталды.

Колледж директорларына арналған тренинг: «XXI ғасырдың жаңа трендтері: еңбек нарығындағы қиындықтар, болжамдар және тәуекелдер».Тренинг барысында қатысушылар қазіргі еңбек нарығындағы өзгерістер, технологиялық прогресс пен жасанды интеллекттің әсері, кадр тапшылығы мәселелері және болашақ мамандықтардың трансформациясы туралы пікір алмасты. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының стратегиялық даму жоспарларын еңбек нарығының сұраныстарымен ұштастыру жолдары қарастырылды.

Оқытушыларға арналған мастер-класс: «Hard Skills – түлектің бәсекелестік артықшылығы ретінде: кәсіби маман қалыптастыруда оқытушының рөлі». Мастер-класс барысында педагогтер студенттердің кәсіби құзыреттерін дамыту әдістерін, практикалық дағдыларды оқыту мен бағалаудың заманауи тәсілдерін, сондай-ақ Hard Skills пен Soft Skills арасындағы теңгерімді сақтаудың маңызын талқылады.

Тыңдаушыларға арналған Quiz ойыны: «Қалай Лидер болу керек».Интерактивті форматта өткен бұл ойында қатысушылар көшбасшылық қасиеттер, тиімді коммуникация, шешім қабылдау және командада жұмыс істеу дағдылары бойынша өз білімдерін сынап көрді. Ойын барысында жастар бір-бірімен тәжірибе алмасып, заманауи лидердің тұлғалық қасиеттерін айқындады.

Форумның маңызды бөлімдерінің бірі – нетворкинг сессиясы болды. Нетворкинг ұйымдастырушысы Ирина Ровнякова – Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ басқарма төрағасының орынбасары, стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор.
Бұл бөлімде қатысушылар білім беру ұйымдары мен бизнес-құрылымдар арасындағы әріптестік байланыстарды кеңейтіп, жаңа идеялар мен жобаларды талқылады. Нетворкинг форматында өткен ашық диалог алаңы педагогтерге және жұмыс берушілерге өзара пікір алмасуға, болашақ бірлескен бастамаларды жоспарлауға мүмкіндік берді.

Форумның қорытынды бөлімінде саланың дамуына және жастармен жүйелі жұмыс жүргізуге қосқан үлесі үшін серіктес ұйымдардың өкілдері мен белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.