20 октября 2025


ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ҮШІН КАДРЛАР ДАЯРЛАУҒА АРНАЛҒАН ФОРСАЙТ-СЕССИЯЛАР БАСТАУ АЛДЫ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өңірдің кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды іс-шара – «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында форсайт-сессиялардың салтанатты ашылуы өтті.

Бұл форум Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2029 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат – Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау жүйесін жетілдіру және өңірдің кадрларға деген нақты қажеттілігін айқындау.
Іс-шараны Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы және ШҚО әкімдігі бірлесе ұйымдастырды.

Ашылу рәсімінде бірқатар мәртебелі қонақтар сөз сөйлеп, форсайт-сессиялардың өңір дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сессияға ZOOM арқылы қосылып, бүгінгі форсайт-сессиялар – еліміздің кадрлық әлеуетін дамытудағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін, қазіргі таңда бұл жоба еліміздің бес өңірінде сәтті аяқталып, тағы да алты аймақта бастау алғанын және жыл соңына дейін еліміз бойынша аймақтардың даму картасы жасалып, «Жаңа мамандықтар атласы» әзірленетінін айтты. Бұл шараның өңірлердің әлеуметтік-экономикалық және білім беру бағытын нақты айқындауға мүмкіндік беретініне де тоқталды. ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев аймақтың кадрлық дамуы өңірдің экономикалық өрлеуінің басты факторы екенін атап өтті. Университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген өз сөзінде форумның білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтатынын, жаңа мамандықтар мен дағдыларды айқындауға жол ашатынын айтты. «Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі Олжас Сәкенов те өз пікірлерімен бөлісті.

Форсайт-сессиялардың негізгі міндеті – болашақтағы еңбек нарығын болжау, өңірдің басым салаларындағы даму трендтерін талдау және жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға бағыт беру.

Сессиялар жұмысы бес негізгі бағыт бойынша өтеді: білім беру, ауылшаруашылығы, металлургия, энергетика, туризм.
Қатысушылар топтарға бөлініп, әр сала бойынша даму сценарийлерін, жаңа кәсіптер мен құзыреттерді айқындайды.
Форсайт-сессиялардың құрылымы төрт кезеңнен тұрады. Кіріспе панельде жобаның мақсаттары түсіндіріліп, салалардағы трендтерге шолу жасалады. Топтық жұмыс барысында қатысушылар нақты болжамдар мен идеялар ұсынады. Болашақ мамандықтар картасы жасалып, өңірге қажетті жаңа кәсіптер мен дағдылар айқындалады. Қорытынды панельде сарапшылардың ұсынымдары мен аналитикалық тұжырымдар талқыланады.

Күтілетін нәтижелер қатарында әр сала бойынша болашақ мамандықтар картасы, жаңа құзыреттер тізімі, салааралық трендтер картасы және сараптамалық есеп бар.
Бұл бастама Шығыс Қазақстан облысы үшін озық кадрлар даярлау жүйесін қалыптастырудағы маңызды қадам болмақ. Форсайт-сессияларының нәтижелері өңірдің білім беру саясатын еңбек нарығының нақты сұранысына бағыттауға мүмкіндік береді.

Сессиялардың соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.