21 октября 2025


СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ ПРОФЕССОРЛАРЫ ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН КӘСІБИ БАҒДАР ЖӘРМЕҢКЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

«Нұр-Орда» халықаралық мектеп-лицейінде кәсіби бағдар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Педагогика» жоғары мектебінің оқытушылары қатысып, мектеп оқушыларына университеттің білім беру бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Мамандық таңдау – әрбір оқушы өмірінде қабылдайтын ең маңызды шешімдердің бірі. Өйткені, адам өмірінде екі маңызды таңдау бар дейді: өзіне лайықты мамандық пен өмірлік серігін таңдау. Осы екеуі дұрыс болса, адам бақытқа жетеді.

Педагогтер оқушының бойындағы әлеуетті байқап, оның қабілетін дұрыс бағытта дамыту қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Сол себепті мұндай кездесулердің мақсаты – оқушыларға түрлі мамандықтар туралы мағлұмат беріп, олардың болашақ кәсібін саналы таңдауға көмектесу.

Жәрмеңке барысында «Психология және түзету педагогикасы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Юлия Кукина мен «Педагогикалық білім және менеджмент» кафедрасының профессоры Светлана Сахарьева баяндама жасап, психология мен педагогика бағыттарындағы білім беру бағдарламалары жөнінде әңгімеледі. Олар университеттің мүмкіндіктері, оқу процесінің ерекшеліктері және кәсіби даму перспективалары туралы ақпарат ұсынды.

Іс-шара жоғары сынып оқушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Осындай кәсіби шеберлер мен өскелең ұрпақ арасындағы кездесулер болашақта дұрыс жолды таңдауға жол ашады. Өйткені, дұрыс бағыт пен лайықты ұстаздардың арқасында ғана жарқын болашақ қалыптасады.

Amanzholov University тек кәсіби білікті мамандарды ғана емес, өмірдің кез келген сынағына төтеп бере алатын күшті тұлғаларды тәрбиелейді.